Ұлыбританияның Манчестер қаласында сот үкімімен осы елдің азаматы Бенджамин Стимсон Украинаның шығысындағы жанжалға ресейшіл сепаратистер жағында қатысқаны үшін бес жыл төрт айға бас еркіндігінен айрылды.
ВВС-дің хабарлауынша, сот 41 жастағы Стимсонды Шығыс Украинада өз-өзін жариялап алған "Донецк халық республикасы" мен "Луганск халық республикасы" қарулы құрылымдары сапында болғаны үшін террорлық іс-әрекетке айыпты деп таныған.
Судья Стимсонға сегіз жыл түрме жазасын кескенін, бірақ сотталушы кінәсін мойындағандықтан оған тағайындалған жаза мерзімінің үштен бір бөлігі қысқартылатыны туралы хабарлаған. Алайда сот Стимсонның тікелей қарулы жанжалға қатысқанына ешбір дәлел таба алмаған.
ВВС тілшілері Бенджамин Стимсонды 2015 жылы күзде Шығыс Украинадағы Дебальцев кентіне жақын жерде жолықтарған кезде ол өз елінде болашақтан күдер үзгендіктенДонбасқа кетуді ұйғарғаны туралы айтқан. Соған дейін бір жарым жыл жұмыссыз болған Стимсон Украинаның шығысындағы жағдайды "империалистік батыстың Ресейге қарсы агрессиясы" санайтыны туралы мәлімдеген.