Accessibility links

Маңғыстау облыстық басқармасы экс-басшысының жаза мерзімі өзгертілді


Маңғыстау облыстьқ сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы "парақорлық" айыбымен сотталған облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Марал Қадырдың жаза мерзімін қысқартқаны туралы жергілікті Тумба сайтына сілтеме жасап Tengrinews агенттігі хабарлады.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің өкілі Гаухар Нұрханованың айтуынша, бұған дейін Ақтау қалалық соты "бірнеше мәрте бопсалап пара алғаны" үшін Марал Қадырға кескен 7 жылға түрме жазасының мерзімі екі жылға қысқарған.

"Қылмыстық кодекстің 55-бабының 4-бөлігін қолдану арқылы оған бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкімнің қалған бөлігі өзгеріссіз қалады, сотталушы мен оның қорғаушысының апелляциялық шағымы, сондай-ақ, прокурордың апелляциялық наразылығы қанағаттандырылмады", - деген облыстық сот өкілі.

Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасын басқарған Марал Қадырдың үстінен жәбірленушілердің берген шағымы бойынша қылмыстық іс өткен жылғы қазан айында қозғалған. Соттың хабарлауынша, тергеудің бастапқы кезеңінде кінәсін толық мойындаған Қадыр кейін сөзінен айнып, тергеушілер тарапынан қысым көргенін мәлімдеген.

Оның ісін қараған Ақтау соты лауазымды шенеуніктің қарамағындағы қызметкерлер мен тұрғындардан бопсалап ақша алған төрт оқиға дәлелденді деп тауып, Марал Қадырға 7 жылға түрме жазасын тағайындау, дүние-мүлкін тәркілеу және өмір бойы мемлекеттік органдарда лауазымды қызмет атқару құқығынан айыру туралы үкім кескен.

Сот шешіміне сәйкес, Марал Қадыр жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейді.

XS
SM
MD
LG