Украинаның Донецк облысында жоғалып кеткен украин журналисі Станислав Асеевті өзін-өзі жариялап алған "Донецк халық республикасын" жақтайтындар жібермей ұстап отыр. "Бұл туралы ақпаратты сепаратистердің өздері растады" деп хабарлады Асеевтің досы, Украина Жоғарғы Радасының бұрынғы депутаты Егор Фирсов.
Оның айтуынша, "ДХР" жақтастары Асеевке "тыңшылық" айыбын тағып, жауапқа тартпақшы. Украин саясаткерінің сөзінше, Стансилав Асеевке анасымен жолығуына рұқсат еткен. "Стас өзін жақсы ұстап отыр, соттан қайыр жоғын түсінеді. Жалғыз үміт – тұтқын айырбастау", - дейді Фирсов.
"Васин" деген бүркеншік есіммен украиналық бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жариялап келген 27 жастағы Станислав Асеев ресейшіл сепаратистер бақылауындағы территориялардың Украинаның құрамында болуын жақтайтын автор ретінде танылған. Донецкіде тұратын журналист Донбаста соғыс басталғаннан кейін де сол қалада қалған. Өткен айдың басында Асеев хабар-ошарсыз жоғалып кеткен. Оның қайда екенінен туған-туыстары да бейхабар болған.
Бұған дейін "Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы, Еурпалық және халықаралық журналистер федерациялары, Нью-Йорктегі Журналистерді қорғау комитеті (CPJ), Азат Еуропа / Азаттық радиосы, БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі арнайы мониторингтік миссиясы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және өзге де ұйымдар Станислав Асеевті қолдап мәлімдемелер жасаған.