Accessibility links

Нидерландтың Гаага қаласында Ресей елшілігіне қарама-қарсы орналасқан бақта Malaysia Airlines әуе компаниясының осыдан үш жыл бұрын Донбаста апатқа ұшыраған ұшағындағы жолаушыларды еске алған үнсіздік акциясы ұйымдастырылды. 2014 жылғы 17 шілдедегі ол апаттан MH17 рейсіндегі 298 адам мерт болған еді.

Гаагада өткен шараға Донбастағы ұшақ апатында қаза тапқандардың туысқандары жиналды. Акция кезінде паркте арнайы мемориалды орындық орнатылды. Онда "Жауаптылардың анықталуын және толық ашықтықты күтеміз. Malaysia Airlines MH17 ұшағының жолаушылары мен экипаж мүшелерін еске аламыз. Адамгершілік саясаттан жоғары" деп жазылған.

Бүгін Нидерланд астанасы Амстердамдағы Скипхол әуежайында ұшақ апатының үш жылдығына орай арнайы мемориал ашылады. Әуежай маңында ескерткіш орнатылып, 298 ағаш отырғызылады. Әр ағашқа ұшақта болған адамдардың есімі жазылады. Бұл мемориалды ұшақ апатынан қаза тапқандардың туысқандары ашады.

2014 жылы 17 шілдеде Malaysian Airlines әуе компаниясының MH17 рейсімен Амстердамнан Куала-Лумпурге ұшып бара жатқанда ұшағы Донбасс аумағында құлаған. Апаттан ұшақтағы 298 адам түгел қаза тапқан. Апат себептерін тексерген Нидерланд тергеушілері 2015 жылы шығарған қорытындысында "жолаушылар ұшағын сепаратистер бақылауындағы аймақтан ресейлік Бук зымыранымен әуеден атып түсірген" деген тұжырым жасаған. Ресей тарабы бұл шешіммен келіспейді.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG