Accessibility links

Лариса Харькова тергеу кезінде құқығы шектелгенін айтты


Қазақстан сотының шешімімен жабылған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькова. Шымкент, 12 шілде 2017 жыл.
Қазақстан сотының шешімімен жабылған тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының бұрынғы жетекшісі Лариса Харькова. Шымкент, 12 шілде 2017 жыл.

Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында өтіп жатқан отырыста Қазақстан тәуелсіз кәсіподақтар федерациясының бұрынғы төрағасы Лариса Харькова тергеу кезінде құқығы шектелгенін айтты деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгінгі сот отырысына жәбірленушілер, айыпталушы және олардың қорғаушылары, прокурор мен куәгерлер қатысып жатыр. Сотқа қосымша куәгерлер ретінде кәсіподақ мүшелері, аудиторлар және Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің тергеушісі Болат Елмұрзаев та шақырылған.

Сотта Лариса Харькованың адвокаты Дана Волкова сөз алды. Ол алғашында үш жәбірленуші болғанын, төрт айдан соң бір жәбірленуші куәгер деп танылғанын айтты. «Істе айып тағатындай құжат жоқ. Қай құжат негізінде қанша шығын келтірілгені белгісіз» еді ол. Куәгер болған тергеуші Елмұрзаев шығын көлемі сараптама негізінде анықталғанын жеткізді.

- Лариса Харькова тергеу кезінде демалыссыз, мереке күндері де тергеуге шақырылған. Бұған не қажеттілік болды? Тергеу кезінде жәбірленушілер мен айыпталушыны көзбе-көз беттестіруден тергеушілер бас тартты. Неге? Бұған Лариса Харькованың құқығы бар еді. Істің соңғы томымен бізді таныстырмады. Біз бұл томмен сотта ғана таныстық, - дейді Дана Волкова.

«Алғашында мен неліктен тергеуге шақырылғанымды білмедім. Төрт ай бойы ес жинауға мүмкіндік бермедіңіздер. Жұмысымды тоқтаттыңыздар. Неге?» деді куәлік еткен тергеушіге Лариса Харькова. Судья Светлана Шымәлиева «егер құқығым шектелді десеңіз шағым түсіріңіз» деді. Лариса Харькова бұл жөнінде арызданғанын хабарлады.

Харьковаға қылмыстық кодекстің 189 бабы 4-бөлімінің 2-тармағы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") және 190-бап 2-бөлімінің 2-тармағы бойынша ("Алаяқтық") бойынша айып тағылған. Ол "ешқайда кетпейтіні" туралы қолхатпен бостандықта жүр.

Харькова өзіне қарсы істің "тапсырыспен жасалған" дейді.

XS
SM
MD
LG