Accessibility links

Мұғалімнің сотында видео түсіруге рұқсат етті


Мұғалім Гүлжан Сәлімбаева (сол жақта) мен оның сенімді өкілі Маржан Аспандиярова сотта. Шымкент. 18 шілде 2017 жыл.
Мұғалім Гүлжан Сәлімбаева (сол жақта) мен оның сенімді өкілі Маржан Аспандиярова сотта. Шымкент. 18 шілде 2017 жыл.

Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотында 38-мектептің мұғалімі, «міндетінен тыс жұмысқа тартылып, директордан қысым көргенін» айтқан Гүлжан Сәлімбаеваның үстінен мектеп директоры мен орынбасарлары түсірген шағымды қарап жатқан судья Қайрат Ізбасаров журналистерге видео, тікелей трансляция жүргізуге рұқсат етті деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Бүгінгі сот отырысына жәбірленушілерді қорғаушысы, айыпталушының екі сенімді өкілі мен бірнеше үкіметтік емес ұйымның өкілдері мен белсенділер қатысты.

Сотта Гүлжан Сәлімбаева мен оның сенімді өкілдері жәбірленушілердің талап-арызымен, іс материалдарымен толық танысуға мүмкіндік болмағандықтан сотты кейінге қалдыруды сұрады.

Гүлжан Сәлімбаева өткен сот отырысында орыс тілінде жазылған жәбірленушілердің талап-арызымен толық танысу үшін қазақшаға аударып беруді сұраған. Судья айыпталушының өтінішін қанағаттандырып, аудармашы тағайындаған.

Гүлжан Сәлімбаеваның сенімді өкілдері Маржан Аспандиярова мен Жақсылық Шүкеев жәбірленушілердің орысша жазылған талап-арызының қазақша аударылған нұсқасы талапқа сай еместігін, заңдастырылмағандығын айтып, талап-арызды толығымен түсінікті аударып, заңдастырып беруді сұрады. Сот айыпталушы жақтың талап-тілегін қанағаттандырды.

Аспандиярова жәбірленушлердің орысша талап-арызымен танысқанын, жәбірленушілердің ұсынған материалдары жауапкершілікке тартуға негіз бола алмайтынын, айыпталушы қандай сөзге жауап беруі керек екені белгісіз қалғанын ескеріп, соттан жәбірленушілердің талап-арызын қанағаттандырусыз қалдыруды сұрады.Судья бұл талап-тілек іс барысында қаралатынын айтты.

Маржан Аспандиярова бұдан бұрын сот отырысында тек аудио жазуға рұқсат еткен судья Қайрат Ізбасаровтан журналистердің аудио, видео, тікелей трансляция жүргізуге рұқсат беруін тағы бір рет сұрады. Жәбірленуші тарап бұл талап-тілекке қарсылық танытқанымен судья түсіру аппараттарына сертификаты бар журналистерге видео, тікелей трансляция жүргізуге рұқсат етті. Соттың келесі отырысы 2-тамызға қалдырылды.

Бұған дейін судья сот процесінен видео түсіруге тыйым салып, тек аудио жазуға рұқсат еткен.

Жәбірленушілер соттан Гүлжан Сәлімбаевадан "ар-намысына тигені үшін моралдық шығын өндіруді" сұраған.

XS
SM
MD
LG