Accessibility links

Кемертоғандағы құжатсыз үй тұрғындары наразылық білдірді


Кемертоған тұрғындары. 18 шілде 2017 жыл.
Кемертоған тұрғындары. 18 шілде 2017 жыл.

18 шілдеде Алматы облысы Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылының отызға жуық тұрғыны ресми орындар үйлеріне құжат бермей отырғанын айтып, наразылық білдірді.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Кемертоған ауылының шетіне жаңадан салынған жүздеген үйдің құжатсыз тұрғанына он жылға жуықтаған. Соңғы кездері Қарасай ауданы әкімдігі «жол салынады» деген уәжбен көптеген үйдің жер учаскесі алынатынын ескерткен. Әкімдік «жол жағасындағы қызыл сызық үстінде тұрғын» кейбір үйлер бұзылуы мүмкін екенін ескерткен.

Тұрғындар үйлеріне құжат алу үшін жазған өтініштеріне соңғы кездері осындай жауап алғанын айтады. Тұрғындар осыдан бірнеше жыл бұрын осы жер дауына байланысты наразылық жиын өткізген.Ол кезде ресми орындар жер учаскелері мен жол картасын қайта сызуға, тұрғындарға зиян келтірмеуге уәде берген.

Кемертоған ауылының тұрғыны Фарида Тәниеваның айтуынша, ресми орындар берген уәде орындалмаған, ал «үйге құжат берілмегендіктен тұрғындар тіркеле де алмайды, жедел жәрдем де келмейді, балаларды мектепке де бере алмайды».

ВИДЕО: Кемертоғандағы құжатсыз үй тұрғындары наразылық білдірді

Кемертоғандағы құжатсыз үй тұрғындары наразылық білдірді
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:08 0:00

Тұрғындардың наразылық жиынына Алматы облысы Қарасай ауданы сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Ермұқан Дәрішев келіп жауап берді. Оның айтуынша, ресми орындардың берген уәдесі 2016 жылы желтоқсан айында бекітілген бас жоспарда көрсетілген.

- Құжатсыз тұрған 211 үйден қазір 125 үй қалды. 86 үй бас жоспарға кіргізілді. Ал 125 үй жоспарға сәйкес келмейді, - дейді ол.

Оның сөзінше «құжатсыз үйлер тұрғын үй салуға арналмаған жер учаскелерінде тұр». Тұрғындар ресми орындар «жер учаскелерінің бастапқы мақсатын» өзгертуге болады деп үміттендіріп келгенін, кейбіреулерге құжат та бергенін айтады.

Ауыл тұрғындары жол түседі деп есептелген жерлер ауыл ішіндегі шағын көшелер екенін, «көше ені 15 метр болуы тиіс» деген талап көптеген үйлерді бұзуға себеп болатынын айтады.

Ауыл тұрғындарының наразылығына келген бас маман Ермұқан Дәрішев бұл мәселені облыс әкімі деңгейінде ғана шешілетінін айтты.

XS
SM
MD
LG