Су тасыған аймақтағы халық шығыны толық өтелмеген дәп мәлімдеді бүгін Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген премьер-министр Бақытжан Сағынтаев. Су тасыған аймаққа оқиғадан кейін алғаш рет сапар шеккен премьер Заречный кентінің тұрғындарымен кездесті.
"Жыл сайын су тасқынынан кейін адамдар ақша сұрап хабарласады. Біз әр біреуіне жеке-жеке қаражат жұмсағанша барлық шығынды бір рет толық есептеу қажет. Сонда ғана мәселе шешімін табады" деді премьер-министр.
Ресми есепке қарағанда, су тасқынан келген залалды орнына келтіру жұмыстарына 6,5 миллиард теңге қаражат қажет.
Солтүстік Қазақстанға келген премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Петропавл халықаралық әуежайын жөндеу барысымен де танысты. Жергілікті билік дерегінше, әуежай терминалының ғимараты мен ұшып-қону жолағы жөндеуден өткен. Петропавл әуежайын жөндеу Ресейдің Қорған, Тюмень және Омбы облыстарымен шекаралас Солтүстік Қазақстан облысының тасымалдау әлеуетін тиімдірек пайдалануға мүмкіндік береді деп жоспарланған.
Бақытжан Сағынтаев «Зенченко және К» кәсіпорнына да барды. Ауыл шаруашылығы құрылымының жалпы егіндік алқабы- 26,6 мың гектарға жуық. Дәнді дақылдармен қатар майлы дақылдар, картоп және мал азығы дақылдары егіледі. Бұдан өзге мұнда мал шаруашылығы мен сүт өнімдерін өндіреді.
ВИДЕО: Премьер-министрдің Солтүстік Қазақстанға сапары.