Accessibility links

Министрлік: Қазақстанға келетін қытайлық туристердің санын арттыру керек


Қытайлық туристер. Көрнекі сурет.
Қытайлық туристер. Көрнекі сурет.

Астанада Қазақстан туристік саланы дамытуға арналған жиында мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы "жаңадан құрылған "Қазақ туризм" ұлттық компаниясы қонақ үйлер салумен айналыспайды, оның жұмысы өте ауқымды" деді.

Министрдің айтуынша, Қазақстан 2025 жылға дейін елге келетін шетелдік туристердің санын жеті миллионға жеткізуді жоспарлайды.Осы мақсатта Қазақстан елге келетін шетелдік туристерге электронды виза жасау жүйесі дайындап жатыр.

"Қазақстан арқылы транзитпен өтетін Иран және Үндістан азаматтары үшін 72 сағатқа дейінгі визасыз режим енгізу жобасын жоспарлап отырмыз" деді мәдениет және спорт вице-министрі Асқар Баталов.

Баталовтың айтуынша, "2016 жылы Қазақстанға 116 мың қытайлық турист келген. Бұл Қазақстанға келген туристердің он пайызын құрайды. Алдағы уақытта Қазақстан елге келетін қытайлық туристердің санын арттыру қажет"

"Шетелге шығатын туристердің арасында қытайлықтар көш бастап тұр. Жыл сайын 150 миллион қытайлық турист әлемді аралаған. Алдағы уақытта елге қытайлық туристерді көптеп тартып, олар үшін арнайы туристік бағыттар әзіргелен дұрыс" деді Баталов.

Министрліктің дерегінше, Қазақстанға келген шетелдік туристердің 90 пайызы - Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары.

XS
SM
MD
LG