Accessibility links

Ақтөбеде қыз алып қашпақ болған екі жігітке бүгін сот үкімі шықты. Бейтаныс қызды көшеден ұрлап әкетпек болған Санат Өмірзаққа сот төрт жарым жыл түрме жазасына кесту. Ал оның сыбайласы болған Алдаберген Жұмажанов бес жылға бас бостандығынан айырылды. Жұмажанов осыған дейін бір рет шартты түрде сотталған. Бұл туралы Азаттыққа Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Сот дерегінше, оқиға 2017 жылы 14 маусым күні Ақтөбедегі орталық базардың жанында болған. Сөз байласқан қалыңдығымен той алдында келіспей қалған жігіт орталық базар маңында кетіп бара жатқан бейтаныс қызды ұрлап әкетпек болған.

«Тойға әзірленіп жатқан туыстарының алдында ұятқа қалмау үшін 1996 жылғы ақтөбелік жігіт адам ұрлауға оқталған. Ол үшін сыбайлас досы екеуі төрт мың теңгеге келісіп, Хромтау қаласына дейін такси жалдайды. Алайда, такси жүргізушісі екі жігіттің адам ұрлау туралы пиғылынан хабарсыз болған» дейді облыстық соттың баспасөз қызметі.

Алғашқы сот мәжілісіне келген жәбірленуші өзін орталық базардың күзетшілері құтқарып қалғанын айтқан.

Күдікті екі адамға қылмыстық кодекстің 125-бабының 2-бөлігі 1-тармағы («адам ұрлауға оқталу») бойынша айып тағылды. Сотталушылар жазаларын жалпы режимдегі колонияда өтейді.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG