Азаттықтың Қырғыз қызметінің 22 шілдеде хабарлауынша, Өзбекстан мұсылмандарының діни басқармасы өзінің сайтында жоғары оқу орындарына (ЖОО) емтихан тапсырғанда көмектеседі деп, абитуриенттерге арналған дұғаларды жариялады.
Олардың білім көбейтетін, жол ашатын дұғалар екені жазылған. Мүфтияттың баспасөз қызметі олар "абитуриенттерге сенім мен сабыр беретінін" айтады.
Сайттағы бірінші дұға емтиханды дұрыс тапсыруды тілегендерге арналған: «Жолымды жеңілдет, қиындатпа» деген сарындағы мағынасы бар.
Екінші дұға «Жүрегімді аш (ақиқаттарды қабылдауға). Жолымды жеңілдет. Тілімді шеш» дейді.
Үшінші дұға білім мен түсінік жайлы. Алайда, мүфтият өкілдері дұғаларға ғана сеніп қалуға болмайтынын айтады. Дін өкілдері оқуға түсудің ең әуелгі шарты емтихандарға тыңғылықты дайындық екенін ескертеді.