Accessibility links

СССР-дің тұңғыш заңды миллионері Артем Тарасов қайтыс болды


Советтік кәсіпкер Артем Тарасов.
Советтік кәсіпкер Артем Тарасов.

СССР-дің тұңғыш заңды миллионері Артем Тарасов 67 жасында дүниеден өтті. Бұл туралы сенбі күні түнде оның азаматтық некедегі әйелі Елена Дмитрук Ресейдің федералдық зерттеу агенттігіне хабарлаған.

Артем Тарасов 1950 жылы Мәскеуде туған. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңына қарай оның есімі Совет одағындағы ең алғаш рет заңды миллионері ретінде бүкіл елге тарады. Ол басқаратын "Техника" кооперативінің шешімі бойынша, 1989 жылғы қаңтар айында кәсіпорынның пайдасы есебінен Тарасовтың еңбекақысы үш миллион рубльді құраған. Бұл сомадан сол кездегі салықтардың бәрі ұсталған. Мысалы, Тарасов баласы болмағаны үшін мемлекетке еңбекақысының алты пайызы немесе 180 мың рубль салық төлеген. Кооперативте Тарасовтың орынбасары да айына 3 миллион рубль еңбекақы алған, ол СССР коммунистік партиясының мүшесі ретінде табысының үш пайызы көлемінде, яғни 90 мың рубль жарна төлеген. Бұл ақпарат сол кезде СССР қоғамында ең қызу пікірталас тудырған тақырыпқа айналған.

Артем Тарасов РСФСР халық депутаты, кейін бірінші шақырылымдағы Ресей мемлекеттік думасының депутаты болып сайланған. 1996 жылғы Ресей президенті сайлауына кандидатурасын ұсынбақшы болған, бірақ сайлау комиссиясы тіркеуден өткізбеген.

Соңғы кезде дейін ол өзі құрған "Инновация институты" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы болып істеген. 2016 жылдан бері Ресейдің "Яблоко" партиясының мүшесі. 2016 жылғы Ресей мемлекеттік дума сайлауында осы партияның Красноярск өлкесіндегі тізімін бастады және бір мандаттық округ бойынша да сайлауға түскен.

XS
SM
MD
LG