Accessibility links

Лех Валенса сот реформасына қарсылыққа қосылды


Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса.
Польшаның бұрынғы президенті Лех Валенса.

Польшаның экс-президенті, бұрын антикоммунистік оппозицияға жетекшілік еткен Лех Валенса биліктегі партияның елдегі сот жүйесін саяси бақылауда ұстау жөніндегі жоспарына қарсылықтарға қосылды. 73 жастағы Валенса сенбі күні Гданьскідегі шеруге жиналған көпшілік алдында сөйлеген сөзінде демократияны қорғау үшін "барлық құралдарды" пайдалану қажеттігі туралы мәлімдеген.

"Біздің ұрпаққа Польшаны қайтарып алып, билік тармақтарының бөлінісін қамтамасыз ету бұйырды", - деген ол 1980-жылдары Польшаның демократияға қалай өткені туралы. Валенсаның айтуынша, "оны құртуға жол беруге болмайды".

Польша сенаты Еуропа Одағының талабын елемей, саяси лидерлерге сот жүйесіне елеулі бақылау орнатуға мүмкіндік беретін заң жобасын қабылдағаннан кейін бүкіл ел аумағындағы қалаларда наразылықтар күшейген. Бұл заңда президент тағайындағаннан өзге Жоғарғы соттың қазіргі судьяларын қызметтен алып тастау және президентке соттардың қызметін реттеуге өкілеттілік беру қарастырылған.

Еуроодақ жетекшілері бұл заң Польшада сот билігінің тәуелсіздігіне қатер төндіреді деп мәлімдеп, оны сынға алған.

Биліктегі "Құқық және әділет" партиясы әзірлеген заң жобасын парламент бекіткен. Заң күшіне енуі үшін оған 21 күннің ішінде ел президенті Анджей Дуда қол қоюы тиіс. Әзірше ол өз таңдауын жасаған жоқ.

XS
SM
MD
LG