Accessibility links

Министрлік "Омбыдағы қазақ зиратындағы құрылыс" туралы айтты


Күтімсіз қалған зират. (Көрнекі сурет)
Күтімсіз қалған зират. (Көрнекі сурет)

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов «Омбыдағы қазақ зираттарының үстінен жүргізіліп жатқан құрылыс туралы» ақпаратқа байланысты Facebook-парақшасы арқылы комментарий берді.

«Омбы қаласы сәулет және қала құрылысы департаменті басшылығының бір сағат бұрын берген ақпараты бойынша, зират орны және қорым аумақтарында құрылыс жүргізуге ешкім рұқсат берген жоқ, айтылған ауданда құрылыс жүріп жатқан жоқ. Ведомство дерегі бойынша, мұсылман қорымының шетінен кәріз жүйесі өткізіліп, құрылыс техникасы әкелінген» деп жазады министрлік өкілі.

Жайнақовтың жазуынша, Қазақстан сыртқы істер министрлігі Омбы мэрі міндетін атқарушы Сергей Фроловқа ресми түсіндіру сұрап сауал жолдаған.

Бұған дейін астаналық белсенді Максим Споткай Facebook-парақшасында "Омбы қаласындағы қазақ зираттарының үстінен құрылыс жүргізіліп жатыр" делінген видео жариялап, Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығынан жауап күтетінін жазған. Видеода адам сүйектері көрсетілген. Пост авторының айтуынша, адам сүйектері Омбыдағы "Кристалл" мөлтек ауданынан табылған.

Азаттық тілшісі Максим Споткайдың "Маған видеоны жолдады" деген адамына - Омбы қазағы Расул Қайыргелдіге хабарласты. Ол бұл видеоны өзіне таныстары жібергенін айтты.

Максим Споткайдың постын өз парақшасында қайта жариялаған Омбы қазақтары қауымдастығының жетекшісі Торғын Ашенова да бұл видеоны кім түсіргенін білмейді. Оның айтуынша, видеода көрсетілген жер Омбы қаласына ұқсайды.

"Былтыр Омбыға 300 жыл толды. Мұнда қаланың негізі қаланбас бұрын қазақ қонысы болғаны көп айтыла бермейді. Десе де видеодағы қазылған зираттағы сүйектердің нақты кімдікі екені белгісіз. Білуімше, қазір ішкі саясат басқармасы бұл ақпаратты тексеріп жатыр. Солардың жауабын күтейік" дейді Торғын Ашенова.

XS
SM
MD
LG