Accessibility links

АҚШ президенті Трамп әкімшілігінің жаңа басшысын тағайындады


АҚШ президенті әкімшілігінің жаңа басшысы Джон Келли.

АҚШ президенті Дональд Трамп жұма күні өз әкімшілігінің басшысы Рейнс Прибусты отставкаға жіберіп, оның орнына ішкі қауіпсіздік министрі Джон Келлиді тағайындады.

Өзі қабылдаған шешім жайлы Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған президент Трамп АҚШ-тың атқарушы билік тармағындағы негізгі лауазымды қызметтердің біріндегі адамды ауыстырудың себебін түсіндірмеген. Трамп бұл шешімін АҚШ конгресіндегі республикалық партия өкілдерінің денсаулық сақтау саласына қатысты заңды кері қайтарып алуға тырысқан әрекеті сәтсіз аяқталған соң қабылдаған. Президент Трамп маңызды басымдылық қатарында атаған ол бастаманы іске асыруда президент әкімшілігі басшысы негізгі роль атқарған.

2016 жылғы президент сайлауында республикалық партия ұлттық комитетінің төрағасы қызметін атқарған Рейнс Прибус Дональд Трамптың сайлауалды кампаниясына толық қолдау көрсетілуін қамтамасыз еткен еді. Америкалық баспасөз құралдарының хабарлауынша, соңғы кездері Ақ үйде Прибустың позициясы елеулі түрде әлсіреп, ол маңызды шешімдер қабылдаудан шет қалып келген.

Бұрын Ирактағы халықаралық коалиция күштерін басқарған отставкадағы генерал Джон Келли АҚШ саяси истеблишмент ортасында беделді тұлға саналады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG