Accessibility links

Ақ үй: Трамп Мәскеу, Тегеран мен Пхеньянға қарсы санкцияларды бекітеді


АҚШ президенті Дональд Трамп. Вашингтон, 26 шілде 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп бұған дейін сенат мақұлдаған Ресей, Иран және Солтүстік Кореяға жаңа санкциялар салу туралы заң жобасымен танысып шыққаннан кейің құжатқа қол қоюға ниетті екенін білдірген. Бұл туралы Ақ үйдің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған санкциялар Ресейдің Қырымды аннексиялауына және Украинаның шығындағы жанжалға килігуіне, сонымен бірге 2016 жылғы АҚШ-тағы президент сайлауына араласуына жауап ретінде кейбір ресейлік азаматтар мен компанияларға қарсы енгізілген.

Заң жобасы президентті санкцияға кез-келген елеулі өзгертулер енгізу үшін конгресті күнібұрын хабардар етуге және оны іске асыруға конгрестің келісімін алуға міндеттейді.

Өткен жылғы АҚШ президенті сайлауы кампаниясы барысында жұртқа "Ресеймен арадағы қарым-қатынасты жөндеуге" уәде еткен және санкцияларға күмән білдірген Дональд Трамптың мәлімдемелеріне алаңдаушылық білдірген бастамашыл топ Ақ үйде билік ауысқаннан кейін құжат жобасын сенаттың қарауына енгізген болатын. Бұдан бір жарым ай бұрын "президент санкцияларды жұмсартуға әзір-мыс" деген қауесет тараған кезде АҚШ конгресінде заң жобасын талқылау басталған. Ақ үй әкімшілігінің сыртқы саясатты тиімді жүргізуге конгрестің мүмкіндік бермей отырғаны туралы шағымы мен қарсылығына қарамастан, өкілдер палатасы және сенат бірауыздан дерлік мақұлдаған заң жобасы бойынша, Ресеймен бірге Иран мен Солтүстік Кореяға да зымыран қаруы сынақтарын өткізгені үшін жаңа санкциялар салынды.

Санкция салу туралы мәселеде конгрестің қос палатасы мүшелерінің сирек байқалатын ауызбіршілік танытып, басым көпшілік дауыспен қолдау білдіруі президент Трампты заң жобасына вето қою құқығын пайдалану мүмкіндігінен айырды. Заң бойынша, президент ветосын конгресс мүшелерінің үштен екісі көпшілік дауыспен еңсере алады.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG