Accessibility links

Азаттықтың Түркіменстандағы тілшісі бір тәулікте екі рет шабуылға ұшырады


Азаттықтың Түркіменстандағы тілшісі Солтан Ачилова 2016 жылғы қазанда Ашғабатта жасалған шабуыл кезінде алған жарақатын көрсетіп тұр.
Азаттықтың Түркіменстандағы тілшісі Солтан Ачилова 2016 жылғы қазанда Ашғабатта жасалған шабуыл кезінде алған жарақатын көрсетіп тұр.

Азаттықтың Түркімен қызметінің (Азатлык) Түркіменстандағы тілшісі, 67 жастағы Солтан Ачиловаға Ашғабатта бір тәуліктің ішінде екі рет шабуыл жасалды.

Солтан Ачилованың айтуынша, шілденің 27-і күні сағат 11:40 шамасында Түркіменстандағы АҚШ елшілігінің апараттық орталығынан шығып, автобусқа отырған соң, көлік терезесінен суретке түсірмек болған. Осы кезде оны қолынан шап беріп ұстаған белгісіз ер адам Азатлык тілшісін "қарындасымды суретке түсіріп, интернетке жарияладың" деп айыптаған.

Журналист өзіне шабуылдаған әлгі адамды арнайы қызмет жұмсаған деп санайды. Ачилованың сөзінше, бұған дейін өткен жылы қарашада оған шабуыл жасағандар да тілшіге әлгіндей айыптаулар таққан.

Шілденің 28-і күні Солтан Ачилова таңертеңгі сағат 10:15 кезінде Ашғабаттағы АҚШ елшілігі жанындағы ақпараттық орталықтан шығып, автобус аялдамасына бара жатқанда тағы да шабуылға ұшырады.

- Шөп орып жүрген қыздан суретке түсіруге рұқсат сұрағаннан кейін, фотоаппаратымды бағыттағаным сол еді, әлдекім ту сыртымнан менің фотоаппаратыма жармасып, қолымды қайыра бастады. Қарасам 20-22 жастағы жігіт екен. Ақпараттың орталыққа келіп жүретін таныс әйел маған көмекке келген соң ол жігіт мені босатты. Таныс әйелге маған автобус келгенше аялдамада менімен бірге күте тұруын өтіндім. Біз автобусқа отырғанымызда әлгі жігіт те бірге кіріп, отырды. Сосын маған қарап: "Автобустан шыққан соң не істейтінімді көресің" деді, - дейді Солтан Ачилова.

Оның айтуынша, әлгі сөзден кейін Солтан Ачилова үйіне телефон шалып, туыстарынан өзін автобустан тосып алуды сұраған.

Тілшіміздің сөзінше, бейсенбі күні тәуліктің екінші жартысынан бастап оның үйінің маңын белгісіз адамдар торуылдап жүргендіктен, ол үйінен шығуға бата алмаған.

Түркіменстанда соңғы сегіз айдың ішінде ардагер-тілші Солтан Ачиловаға осымен бес рет шабуыл жасалды.

Freedom House халықаралық ұйымының 2017 жылғы баспасөз еркіндігі туралы есебінде "еркін емес" елдер тобына енген Түркіменстан Солтүстік Кореямен қатар тұр.

XS
SM
MD
LG