Accessibility links

Астана Пхеньянның зымыран ұшыруын сынап, тараптарды келіссөзге шақырды


Қазақстан сыртқы істер министрлігі, Астана
Қазақстан сыртқы істер министрлігі, Астана

Қазақстан Солтүстік Кореяның 28 шілдеде кезекті рет баллистикалық зымыран сынағанын қатаң айыптап, мүдделі тараптарды келіссөзге шақырды. Қазақстан сыртқы істер министрлігі Пхеньянның 28 шілдеде баллистикалық зымыран сынағанына орай дүйсенбіде жасаған мәлімдемесінде "Мұндай әрекеттер БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарларын өрескел түрде бұзып, бейбітшілікке қатер төндіреді және Шығыс Азия аймағы мен ғаламдық тұрақтылықты шайқалтады" дейді.

Министрлік мәлімдемесінде Пхеньянның әрекетін "арандатарлық" деп, ал Солтүстік Кореяның саясатын "жауапсыз" деп атап, оны "ядролық қаруға ие болу пиғылынан бас тартуға" шақырған. Астана сонымен қатар бұл мәселеде мүдделі тараптарды келіссөзді қайта бастап, "өзара тиімді шешім табу" жолдарын іздестіруді күшейтуге үндеген.

Солтүстік Корея 28 шілдеде АҚШ территориясына дейін ядролық қару алып ұша алатын құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағанын хабарлаған.

"Солтүстік Корея билігінің арандататын іс-қимылдарынан туған мәселені күшпен емес, келіссөз арқылы ғана шешуге болады" дейді Қазақстан сыртқы істер министрлігі.

XS
SM
MD
LG