Accessibility links

Наразы белсенділер президентке тағы да хат жолдады


Алматыдағы "Нұр Отан" партиясы филиалының алдындағы наразылық акциясы. 30 шілде 2017 жыл.
Алматыдағы "Нұр Отан" партиясы филиалының алдындағы наразылық акциясы. 30 шілде 2017 жыл.

Алматыда дүйсенбіде бір топ кісі "Нұр Отан" партиясы ғимаратының алдына жиналып, "әділетсіздікке, заңның орындалмайтынына" наразылық білдірді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Жиналған оннан астам тұрғын "Қазақстанда заңсыздық үстемдік құрғанына", "судьялардың әділетсіз шешім" шығаратынына" наразылық білдіріп, президент Нұрсұлтан Назарбаевтан араша сұраған плакаттар ұстап шықты. Акцияға қатысушылар президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, бас прокурор, Жоғарғы сот төрағасы мен ішкі істер министрінің атына бұл жайында "Нұр Отан" арқылы хат жолдады.

Наразылармен сөйлесуге "Нұр Отанның" Алматы қалалық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің қызметкері шығып, хаттарын қабылдап алды. Ол хаттардың тиісті жеріне жеткізілетінін айтты.

Алматыда құқық қорғау органдары мен сот шешімдеріне наразы тұрғындар "Нұр Отан" алдына жиі жиналып, наразылықтарын танытып, билікке хат жолдап келеді.

Наразы тұрғындар былтыр да күзде "Нұр Отан" партиясының ғимаратында "Сот құқықтық жүйесі" деген жазуы бар плакатты еденге тастап, үстіне бірнеше қолғап лақтырған. Белсенділер мұны "әділетсіз шешім шығарған судьяларды бетпе-бет сөйлесуге шақырудың белгісі" деп түсіндірген. Одан бұрын да "Нұр Отан" кеңсесіне келіп, Нұрсұлтан Назарбаевқа үндеу-хат жолдаған. Оған өз қолдарын тіліп, қанмен қол қойған. Хатта әділет органдарының шешіміне наразы екендіктерін білдірген.

XS
SM
MD
LG