Accessibility links

Грузия Киев Саакашвилиді қайтарады деп үміттенеді


Михаил Саакашвили, Грузияның бұрынғы президенті.
Михаил Саакашвили, Грузияның бұрынғы президенті.

Тбилиси Грузияның бұрынғы президенті және Украинаның Одесса облысының бұрынғы губернаторы Михаил Саакашвили Украинаға оралған соң, Киев оны өз еліне жер аударады деп үміттенеді.

"Имеди" телеарнасының эфирінде сөйлеген Грузия әділет министрі Тея Цулукиани мұны саяси емес, "құқықтық және прокурордың тергеу процесі" деп сипаттады. Министр Тбилисидің Саакашвилиді экстрадициялауды 2014 және 2015 жылдары сұрағанын еске салды.

Цулукианидің айтуынша, оған парламент депутатын ұрды, шамамен төрт миллион долларды жаратты, 2007 жылы бейбіт митингті күшпен таратты және "Имеди" телеарнасының қызметін тоқтатуға қатысты деген айыптар тағылған. 2015 жылы сәуірде Украина Грузияда қудалауға ұшырауы мүмкін деп Саакашвилиді ұстап беруден бас тартқан.

Жексенбі күні Саакашвили Украина билігін қылмыс жасады деп тағы айыптады. Мұның алдында, 26 шілдеде Киев оны азаматтығынан айырған.

Грузияның бұрынғы президенті Михаил Саакашвили Украина азаматтығын 2015 жылы мамырда алған еді. Сол кезде ол Одесса облысының басшысы болып тағайындалған. 2016 жылы қарашада саясаткер бұл қызметтен өз еркімен кетті. Бұл әрекетін ол аймақтағы жемқорлықты жеңе алмағанымен түсіндірді. Саакашвилидің пікірінше, жемқорлықты ел президенті Петр Порошенконың "өзі қолдап отыр".

XS
SM
MD
LG