Accessibility links

АҚШ: Солтүстік Кореяға қатысты келіссөз уақыты өтіп кетті


Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Италия, 26 мамыр 2017 жыл.
Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ мен АҚШ президенті Дональд Трамп. Италия, 26 мамыр 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Жапония премьер-министрі Синдзо Абэ дүйсенбі күні телефонмен сөйлесіп, Солтүстік Кореяның зымыран және ядролық қаруларын шектейтін қосымша әрекет қажет екеніне келісті.

Премьер-министрдің пікірінше, Корей түбегіндегі жағдайды тұрақтандыру үшін Ресей де белсенді әрекет етуі керек. Абэнің айтуынша, мәселені бейбіт жолмен реттеуге талпыныс жасалды, бірақ Солтүстік Корея оларды елеген де жоқ.

АҚШ-тың БҰҰ-дағы делегациясының басшысы Никки Хейлидің мәлімдеуінше, "Солтүстік Кореямен келіссөз жүргізудің уақыты әлдеқашан өткен". Америкалық дипломаттың пікірінше, Пхеньян құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынаған соң, Қытайға Қауіпсіздің Кеңесінің Солтүстік Кореяға қатысты санкцияларын күшейтуді қолдайтын уақыт туды.

"Солтүстік Кореяға қарсы қосымша шаралар туралы Оңтүстік Корея мен Жапония да ойлануы керек", - деді Хейли.

Президент Трамп бұған қатысты пікірін Twitter-де жазды. Ол мәселені реттеуде көмектеспей отырған Қытайдан "көңілі қалғанын" және оны күтіп отыра алмайтынын жазған.

Пекин Трампқа Қытай коммунистік партиясы орталық кеңесінің ресми басылымы арқылы жауап берді. "Егер АҚШ пен Оңтүстік Кореяның әскери күшпен қорқытуы Солтүстік Кореяның зымыран және ядролық қару жасау әрекеттерін шектей алмаса, Қытай мұны экономикалық санкциялар арқылы қалай тоқтатпақ?" делінген Пекиннің жауабында.

XS
SM
MD
LG