Accessibility links

Қашқын тәжік полковнигінің суреттері жарияланды


Гулмурод Халимов, Тәжікстан ішкі істер министрлігі арнайы жасағының бұрынғы командирі.
Гулмурод Халимов, Тәжікстан ішкі істер министрлігі арнайы жасағының бұрынғы командирі.

Тәжікстандық арнайы жасақтың бұрынғы командирі, қазір "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымының мүшесі Гулмурод Халимовтың суреттері жарияланды. Азаттықтың Тәжік редакциясының қолына түскен суреттердің бірінде Халимовтың "Ислам мемлекеті" (ИМ) тобының содырлары сияқты шашы мен сақалын ұзын етіп өсіргені байқалады. Екінші сурет - екінші әйелінен туған қызымен бірге түскен селфи. Бұл суреттерге қайда, қай жерде түскені белгісіз.

Былтыр көктемде Халимовтың екінші әйелі Хумайро Мирова төрт баласымен Тәжікстаннан қашып кеткен. БАҚ Тәжікстан кеден қызметінің бұрынғы баспасөз хатшысы Мированы балаларымен Сирияға кетіп қалғанын жазған.

Полковник Гулмурод Халимов 2015 жылдың сәуірінде кенеттен жоғалып кетті, мамырдың соңында ИМ жасағына қосылғанын мәлімдеген. Сирияда түсірілгенге ұқсайтын бейнебаянда Халимов биліктің саясатына наразылық ретінде әсіредіншілдерге қосылғанын айтады. Халимов былтыр жазда ИМ әскери министрі міндетін атқарушы болып тағайындалған еді.

Тәжікстан билігі полковникті «отанына опасыздық жасады» деп айыптап, Интерпол арқылы іздестіріп жатыр. АҚШ Гулмурод Халимовтың орналасқан жері туралы ақпарат берген адамға 3 миллион доллар сый тікті.

Ал Times журналы биыл сәуірдің 15-і күні "Гулмурод Халимов Мосулдың батысындағы авиасоққы кезінде қаза тапты" деп жазды. Бірақ Душанбе бұрынғы командирдің қазасы туралы ақпарат алмағандарын айтады.

Өткен айда Гулмурод Халимовтың аты-жөні Интерпол сайтындағы іздеуде жүргендер тізімінен жоғалып кеткен.

XS
SM
MD
LG