Accessibility links

Астана Египетке қамаудағы қазақстандықтарға қатысты нота жолдады


Әнуар Жайнақов, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі. Астана, 25 шілде 2017 жыл.
Әнуар Жайнақов, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі. Астана, 25 шілде 2017 жыл.

Астана Египетке осы елде қамауда отырған алты қазақстандық студенттің жағдайын түсіндіруді сұрап, ресми қарсылық нотасын жолдады. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, бұл жайында бүгін үкіметте Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Әнуар Жайнақов айтты.

Жайнақовтың сөзінше, Египет сыртқы істер министрлігі бұған дейін ұсталған Қазақстан азаматтарына қатысты жағдайды анықтауға көмек көрсету туралы уәде бергенімен, әзірге ол орындалмаған. "Осыған байланысты Египет сыртқы істер министрлігіне ресми қарсылық нотасы жолданды. Египеттің Қазақстандағы уақытша сенімді уәкіліне де осындай нота тапсырылды. Біз Египет билігінен Қазақстан азаматтарының ұсталу себебін түсіндіруді және олармен жолықтыруды талап ете береміз" деді Жайнақов.

Египетте бірге пәтер жалдап тұрып жатқан алты қазақстандық 20 шілдеден бері байланысқа шықпаған. 25 шілдеде министрлік оларды полиция ұстағанын хабарлады.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов 27 шілдеде Египет сыртқы істер министрі Самех Шукримен телефон арқылы тілдесіп, Қазақстан консулын қамауда отырған алты қазақстандық студентпен жолықтыруды сұраған. Қайрат Әбдірахманов Қазақстан Египеттен студенттердің ұсталу себебін, қамауда отырған жерін және қазіргі жағдайлары туралы ақпарат күтетінін айтқан. Египет сыртқы істер министрі "бұл мәселелерді шешу үшін барынша жәрдем көрсетуге уәде берген".

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің дерегінше, қазақстандық студенттерді Египет ұлттық қауіпсіздік қызметі ұстап әкеткен.

XS
SM
MD
LG