Accessibility links

Белсенді Халабузарь "араздық тудыру" айыбымен сотталды


Белсенді Олеся Халабузарь өзіне шыққан сот үкімін естіген сәтте жылап алды. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотында бүгін азаматтық белсенді Олеся Халабузарьдің ісі бойынша сот басталып, жылдам аяқталды. Судья Бейнегүл Кайсина Халабузарьді ұлтаралық алауыздықты өршітті (қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы бойынша) деп айыптап, екі жылға бас бостандығын шектеу жазасын кесті. Судья үкімге 15 күн ішінде шағымдануға болатынын айтты. Сот шешімі бойынша, Халабузарь үкім заңды күшіне енгенге дейін ешқайда кетпеу туралы қолхатпен еркіндікте жүреді.

Жарыссөзде прокурор Дидар Қабаев судьядан Халабузарьді қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-тармағы бойынша тағайындалатын ең төменгі жаза кесуді, яғни екі жылға бас бостандығын шектеуді сұрады. Ол Халабузарьдің бұрын сотталмағанын және асырауында кәмелетке толмаған үш баласы барын ескеріп, жазаны жеңілдетуге болады деді.

Мемлекет тағайындаған адвокат Жанат Айтжанова соттан Халабузарьді бас бостандығын бір жылға ғана шектеу жазасын сұрады.

Халабузарьдің өзі сотта үш рет сөйледі. Алғашында одан жауап алынды. Екінші және үшінші рет жарыссөзде және соңғы сөзін айтқанда сөйледі. Үкім оқылған сот Халабузарь Азаттық тілшісіне үкімге шағымданбайтынын айтты.

Айыптау актісі бойынша, Алматы тұрғыны, 39 жастағы Олеся Халабузарь "бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы ауыр қылмыс жасаған". Айыптау 2017 жылдың басында Халабузарьда "ұлтаралық алауыздық, жаулық тудыру белгілері бар мәтін жазылған үнпарақтар дайындап, оларды Алматы территориясында тарату арқылы ұлтаралық араздық тудыруды көздейтін қылмыстық пиғыл пайда болған дейді. Ол мұны биыл ақпанда "Жас кәсіпқойлар қоғамы" қоғамдық ұйымын басқарып тұрған кезде дайындап, Алматыда таратқан деп айыпталып отыр.

Олеся Халабузарь сотта өзіне тағылған айыптарды мойындап, қылмысына өкінетінін мәлімдеді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG