Accessibility links

Медициналық сақтандыруға ақша төлей алмайтындарға мемлекет қарайласпақ


Елжан Біртанов, денсаулық сақтау министрі.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық сақтандыру қорына жарна аудара алмайтындар үшін мемлекет қаржы төлейтінін мәлімдеді деп хабарлады Азаттық тілшісі. Бұл туралы министр бүгін үкімет отырысында айтты. Шенеуніктің сөзінше, әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "Азаматтарға арналған үкімет" корпорациясының аясында азаматтардың арнайы ақпараттық базасы құралмақ. Онда төлем жасауға жағдайы жоқ 14 категория бойынша азаматтардың тізімі де болады. Оған енгізілген адамдар халыққа қызмет көрсету орталықтарынан өздерінің статусын дәлелдейтін құжаттар алуға тиіс болады.

Жиында премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жұмыссыз немесе табысы аз азаматтарды анықтап, оларды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне кіріктіруді тапсырды.

- Төлем жасай алмайтын, жалақысы төмен не мүлдем жұмысы жоқ адамдарға байланысты тағы бір сұрақ туындайды. Бейресми сектор жұмысшылары мен тіркелмеген жұмыссыздар жүйеден тыс қалуы мүмкін. Сол себепті еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне облыстардың, Алматы және Астананың әкімдіктерімен біріге отырып, сондай адамдардың мәліметтері мен жұмыс жағдайын анықтау механизмдерін тауып, әлеуметтік медициналық қор жүйесіне қамтуды тапсырамын, - дейді премьер-министр Бақытжан Сағынтаев.

Қазақстанда жұмыс берушілер мен жеке кәсіпкерлер шілденің 1-інен бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна аудара бастаған. Ресми дерек бойынша, қазірге дейін қорға 800 миллион теңге түскен. Заң бойынша, жұмыс беруші ай сайын жұмыскердің жалақысынан 1 пайыз мөлшерінде, бірақ 3668, 9 теңгеден жоғары емес аударым жасауға, жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар – жеке қорғаушылар мен нотариустар, кәсіби медиаторлар айлық жалақысынан 5 пайыз немесе 2445, 9 теңге төлеуге тиіс.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG