Accessibility links

1932-1933 жылдардағы ашаршылық жайлы естеліктер жинағы шықты


Қазақстандағы 1932-1933 жылдардағы аштық туралы "Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық" атты естеліктер жинағы. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл.
Қазақстандағы 1932-1933 жылдардағы аштық туралы "Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық" атты естеліктер жинағы. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл.

Алматы қаласындағы орталық ғылыми кітапханада Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми қызметкері Тұңғышбек Байқұловтың "Әулие-Ата өңіріндегі ашаршылық" атты кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерге жинақ авторынан өзге Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының зерттеушілері қатысты.

Жинақта 1931-1933 жылдары Қазақстанда болған жаппай ашаршылықтың Жамбыл облысындағы көріністері естеліктермен баяндалған.

Автор Тұңғышбай Байқұловтың айтуынша, жинаққа ашаршылықты көзімен көрген қарт кісілердің естеліктерімен қатар, ашаршылықты көрген адамдардың қазіргі ұрпақтарының айтқандары енгізілген.

Тарихшы Тұңғышбек Байқұлов. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл.
Тарихшы Тұңғышбек Байқұлов. Алматы, 1 тамыз 2017 жыл.

- Ашаршылықты көрген адамдар қатты азайды, бірақ әлі де бар. Кейбір қариялар өздері көрмесе де әке-шешесінен бала кезде естігендерін айтып берді. Ашаршылықты көрген немесе оны бастан кешкен адамның сөзін тікелей жеткізушілердің мәліметтері ашаршылық жайлы академиялық зерттеулерге пайдалы болады, - дейді ол.

Тұсаукесерге қатысқан тарихшы Ахмет Тоқтабай бұл жинақ ауызша тарих айту дәстүріне сай келетінін айтады.

- Тарихта болған оқиғаны зерттеушінің жазғаны бір басқа да, оқиғаны бастан өткерген адамның өзі сипатттағанда көптеген фактілер басқаша көрінеді. Қазіргі ғылыми зертттеулер негізінен қағазбен айналысса, ауызша тарих айту дәстүрінде адамның өзі алдыңғы орынға шығады. Советтік кезеңдегі ашаршылықты бүге-шігесіне дейін зерттеу үшін әрбір өңірді өз алдына зерттеп, ашаршылықта өмір сүрген көзі тірі адамдадың естеліктерін жинауымыз керек, - дейді ол.

Ашаршылық тарихын зерттеуші кей мамандардың деректері бойынша, 1931-1933 жылдары қазақ даласында болған ашаршылық салдарынан алты миллионнан астам қазақ халқының екі миллионға дейін адамы қырылған. Кей деректерге қарағанда, 1928 жылдары Қазақстанда 40,5 миллион бас мал болған, 1933 жылы 1 қаңтарда 4,5 миллионға дейін азайған.

XS
SM
MD
LG