Accessibility links

Қостанай соты ІІД-ні азаптау құрбанына өтемақы төлеуге міндеттеді


Көрнекі сурет.

Қостанай қалалық соты Қостанай облыстық ішкі істер департаментін аудандық полиция қызметкері күш көрсетіп ескерту жасамақ болған облыс тұрғынына 1,5 миллион теңге төлеуге міндеттеді. Қалалық сот 31 шілдеде Қарабалық ауданының 31 жастағы тұрғыны Любовь Дорошенконың облыстық ішкі істер департаментінен "моральдық залал өтемін өндіріп беру" туралы шағымын ішінара қанағаттандырған. Дорошенко шағымында моральдық залалды үш миллион теңгеге бағалаған.

2016 жылы қарашада Қарабалық аудандық соты осы аудан ішкі істер бөлімінің екі полицейі - жедел уәкіл Нұрлан Сәрсембаев пен учаскелік инспектор Арман Төлегеновті Дорошенконы азаптады деп айыптап, бірін үш жыл, екіншісін үш жарым жылға соттаған. Сот сонымен қоса оларды шендерінен айырып, құқық қорғау органдарында қызмет етуге үш жылға дейін тыйым салған.

Сәрсембаев пен Төлегенов 2016 жылы 10 сәуірде сол кезде омырауда баласы бар Дорошенконы полиция бөліміне апарып, азық-түлік дүкенінен зат ұрлағанын мойындауды талап еткен. Сот материалдары бойынша, Сәрсембаев "Дорошенконы қылмысты мойнына алу үшін оған Төлегеновтің көзінше күш қолданып, дене жарақатын салып, психикалық күйзеліске ұшыратқан". Сәрсембаев Дорошенконың бетіне, денесіне бірнеше рет соққы жасап, жерге жатқызып, тепкілеген, саусағын кесетінін айтып, доқ көрсеткен. Сот материалында Төлегеновтің Дорошенконы тілдеп, оны ата-ана құқығынан айыратынын айтып, сес көрсеткені айтылады.

Екі полицей де сотта өздеріне тағылған айыптарды мойындаған жоқ. Сот Қарабалық аудандық ішкі істер бөлімі бастығының екі орынбасарын да "Билікті немесе қызметін асыра пайдаланды" және "жалған куәлік алуға пара берді" деп айыптап, үш жыл тоғыз айға соттаған.

Биыл мамырда Любовь Дорошенко Қостанай облыстық ішкі істер департаментіне "моральдық шығын өтеп беру" туралы талап арыз түсірген. Соттан соң Дорошенко аймақтық "Наша газета" басылымына сот шешіміне шағымданбайтынын, бірақ ішкі істер департаменті сот шешіміне міндетті түрде апелляциялық шағым түсіреді деп күтіп отырғанын айтты. Сот шешімі әзірге күшіне енген жоқ.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG