1 тамызда Алматы қалалық сотында "Иегова куәгерлерінің христиандық орталығы" атты діни ұйымның апелляциялық шағымы бойынша сот отырысы басталды. Діни ұйым 29 маусымда өзінің қызметін тоқтату туралы шешім шығарған Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының шешімімен келіспейді. Әкімшілік сот діни ұйымға 680 мың теңге айыппұл да салған.
Алғашқы сот отырысында 81 жастағы Иегова куәгері Анатолий Мельниктен жауап алынды. Ол 79 жастағы әйелімен бірге 21 жыл бойы христиандық орталықта тұрып жатқанын айтты. Олардың сөзінше, ұйым жабылса, егде тартқан ерлі-зайыптылар баспанасыз қалады.
Алматы қалалық сотының азаматтық істер бойынша апелляциялық коллегия судьясы Жеңіс Кәрібаев 5 маусым күні аталмыш діни орталықты тексерген ішкі істер департаментінің қызметкері майор Мәулен Берімбетовті жауаптауға шақырғанын, бірақ оның белгісіз себеппен келмей қалғанын айтты. Судья Берімбетов жауаптауға өз еркімен келмесе, оны күштеп алғызатынын мәлімдеді. Келесі сот отырысы 3 тамызда өтеді.
Қалалық әкімшілік сот 29 маусымда "Иегова куәгерлерінің христиандық орталығы" орналасқан ғимаратты қауіпсіздік шарттарына сәйкес емес деп таныған. Ал діни ұйымның сайтында Қазақстандағы оқиғалар Ресей билігінің діни ұйымдарды қорқытып-үркіту саясаты мен діни төзімсіздігін еске салатынын жазған. Ресейде бұл ұйымды Жоғарғы сот экстремистік деп танып, жауып тастаған.