Accessibility links

"АрселорМитталТеміртау" жұмысшылары жалақыларын көтеруді талап етті


"АрселорМитталТеміртау" компаниясының металлургтері мен шахтерлері жұмысшы коллективтерінің конференциясында отыр. Теміртау, 1 тамыз 2017 жыл.

"АрселорМитталТеміртау" компаниясының жұмысшылары жалақыларын көтеру қажетін мәлімдеді деп хабарлайды Теміртаудағы Азаттық тілшісі. Металлургтер мен кеншілер бұл туралы талабын Теміртауда өткен жұмысшы коллективтерінің конференциясында білдірді. Конференцияға Қарағанды облысынан жүздеген жұмысшы жиналды.

Кейбір жұмысшылар жалақыны кем дегенде 30 пайызға көтеру қажет деп санайды. Басқалары жалақысы аз жұмысшылардың айлығына қосылатын үстеме 30 пайыздан көп болуы керек дейді. Жұмысшылар кейбірінің айлығы 100 мың теңгеге де жетпейтінін айтып, "Жалақыны көтеруді жай ғана сұрамай, талап етуге хақымыз бар" дейді.

- Біз тығырыққа тіреліп тұрмыз. Елдегі жағдай бізді күйзелтіп жіберді, бәрі қымбаттап жатыр. Жалақымыз азық-түлік пен коммуналдық төлемдерге ғана жетеді. Жұмысшылар тозып кетті. Тек қалай күнелтуді ойлайтын жағдайға жеттік. Бізге құлақ қойыңыздар! Жалақымызды көтеріңіздер! - деп мәлімдеме жасады жиынға келген делегаттардың бірі Светлана Фишер компания басшылығына қарата. Оның сөзін залда отырған басқа жұмысшылар қол шапалақтай қолдады.

Конференцияда сонымен қатар металлургиялық комбинат пен шахталардан білікті көптеген маманның жұмыстан кетіп жатқаны да айтылды. Олардың сөзінше, жұмысшылар негізінен осындай жұмыстар үшін көп жалақы төлейтін Ресейге кетіп жатыр. Осы көктемде компания жұмысшылары, әсіресе шахтерлер тарифтік үстемелер мен еңбекақыларын көтеру мәселесін қозғаған болатын. Бірақ мәселе сол күйі шешілмеген.

Метулларгтер мен шахтерлер кәсіподақтары коллективтерінің конференциясына "АрселорМитталТеміртау" компаниясының басшылығы да шақырылған. Компанияның атқарушы директоры Вадим Басин "жұмысшылардың көбірек жалақы алу ниетін түсінетінін", себебі кезінде өзі де қарапайым жұмысшы болғанын айтты.

- Мен жанжал туындайтын уақыт таяды дегенмен келіспеймін. Компания ұжымдық келісімнің бір де бір пунктін бұзып отырған жоқ. Әрине, келіссөз өте қиын жүріп жатыр. Егер кәсіподақ барлық жұмысшының жалақысын бірдей көтеруді талап етсе, онда компания әкімшілігінің ұстанымы басқаша. Компания жалақыны әр жұмысшының біліктілігіне қарай төлеуді қолдайды, - деді Вадим Басин жұмысшылар алдында. Оның сөзінше, Қазақстандағы ең жақсы ұжымдық келісім "АрселорМитталТеміртау" компаниясында жасалған.

Металлургтер мен шахтерлер бұған қоса кәсіпорында еңбек жағдайын жақсарту қажетін де айтты. Олар құрал-жабдықтардың тозғанын айтып, тым болмағанда жөндеп беруді сұрады.

Конференция соңында кәсіподақ өкілдері таяу күндері барлық талаптарын хатқа түсіріп, компанияға жіберетіндерін айтты. Жұмысшылар талаптары сонымен қатар талаптары орындалмаған жағдайда еңбек дауын заңда қарастырылған тәртіппен, оның ішінде ереуіл өткізу арқылы құқығын пайдаланатынын да ескертті.

  • 16x9 Image

    Елена ВЕБЕР

    Елена Вебер - шығармашылық псевдоним. Елена - 2010 жылдан бері Азаттықтың Қарағанды облысы бойынша тілшісі. Теміртау қаласында тұрады. ҚарҰУ-дің филология факультетін бітірген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG