Accessibility links

Ауғанстан: Гератта мешітке шабуылдан 29 адам қаза тапты


Гераттағы шабуыл жасалған шииттер мешіті. Ауғанстан, 1 тамыз 2017 жыл.
Гераттағы шабуыл жасалған шииттер мешіті. Ауғанстан, 1 тамыз 2017 жыл.

Ауғанстанның батысындағы Герат қаласында шииттердің мешітіне жанкешті мен қарулы адам шабуыл жасап, кем дегенде 29 адам қаза тапты. Жергілікті аурухана қызметкері Мохаммед Рафик Шахрзадтың хабарлауынша, жараланып ауруханаға түскендердің көпшілігінің халі ауыр.

Билік жанкешті 1 тамыз күні кешке Гераттың Дехр-Абад ауданындағы Джавадия мешіті алдында өзін-өзі жарып жібергенін мәлімдеді. Tolo-TV телеарнасы мешіт сыртында жарылыс болғанда екінші адам мешіт ішінде винтовкадан оқ атқанын хабарлады.

Шахрзад жарылыс орнынан қаза тапқан 20 адамның мәйіті ауруханаға жеткізілгенін растады. Тағы тоғыз адам ауруханаға жеткізілген соң жан тапсырған. Ол жаралылардың көпшілігінің халі ауыр болғандықтан құрбандар саны артуы мүмкін екенін айтады.

Бұл шабуылдың жауапкершілігін әзірге ешкім мойнына алған жоқ. Бұған дейін осыған ұқсас шабуылдарды өзінің содырлары жасағанын мәлімдеген "Талибан" қозғалысы Гераттағы шабуылға қатысы барын жоққа шығарды.

XS
SM
MD
LG