Accessibility links

20 қазанға дейін Бішкектің кейбір жерінде акция өткізуге тыйым салынды


Қамаудағы оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевтың жақтастары оның босатылуын талап етіп акция өткізіп тұр. Бішкек, 27 ақпан 2017 жыл.
Қамаудағы оппозициялық саясаткер Омурбек Текебаевтың жақтастары оның босатылуын талап етіп акция өткізіп тұр. Бішкек, 27 ақпан 2017 жыл.

Бішкектің Первомай аудандық соты 2017 жылдың 27 шілдесінен 20 қазанға дейінгі аралықта қаланың кейбір жерлерінде ресми мәдени-көпшілік шаралардан өзге бейбіт және басқа да жиындар өткізуге тыйым салды. 15 қазанда Қырғызстанда президент сайлауы өтеді.

20 қазанға дейін қаланың орталық алаңында, парламент ғимаратының, үкімет үйінің, Орталық сайлау комиссиясының жанында және Первомай аудандық сотында митингілер өткізуге тыйым салынды.

Акцияларға тыйым салуды сұрап сотқа Первомай аудандық әкімдігі жүгінген. Ауданық әкімдік көп адам қатысатын, дыбыс зорайтқыш аппаратар қолданылып өтетін бейбіт акциялар "азаматтардың тынышын алып, наразылығын тудыратынын", "қаладағы тұрақтылықты бұзатынын" мәлімдейді.

Бішкек қалалық ішкі істер басқармасының мәліметінше, биыл алты айда Бішкекте 188 митинг өткен, олардың 90-ы саяси сипатта болған.

Кейбір құқық қорғаушылар акция өткізуге тыйым салу президент сайлауы қарсаңында қандай да бір саяси қарсылық акцияларын өткізуге кедергі жасау үшін салынған болуы мүмкін дейді. Құқық қорғаушы Азиза Абдирасулова сот шешімін "оппозиция жақтастарын қорқытуды көздейтін саяси мақсатта шығарылған" деп атады.

Қырғызстанда президенттікке кандидаттарды ұсыну 31 шілдеде аяқталған. Орталық сайлау комиссиясына кандидат болып тіркелуге 59 адам өтініш білдірген.

XS
SM
MD
LG