Accessibility links

Тарасовтар қарсылық танытып жүргенде ұлдарының сүйегін қайта көміп тастады


Зейнеткер Тарасовтардың ұлы Григорий Тарасовтың эксгумация жасалған мәйіті қайта көмілген орын. Белоусовка ауылы, Шығыс Қазақстан облысы, 2 тамыз 2017 жыл.
Зейнеткер Тарасовтардың ұлы Григорий Тарасовтың эксгумация жасалған мәйіті қайта көмілген орын. Белоусовка ауылы, Шығыс Қазақстан облысы, 2 тамыз 2017 жыл.

Шығыс Қазақстан облысында тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлер - 75 жастағы Владимир Тарасов пен 71 жастағы Валентина Тарасова Өскеменде облыстық прокуратураның орталық алдында қарсылық акциясын өткізді. Облыс прокурорымен кездеспекке талпынған олармен сөйлесуге прокурордың бірінші орынбасары Е.Мәбиев шықты. Зейнеткерлер Мәбиевпен әңгімесі қатқыл болғанын айтады. Тарасовтардың сөзінше, бұған Мәбиевтің өздерінің полиция полковнигі Талғат Ібікенов басқаратын тергеу тобының бұған дейін эксгумация жасалған 39 жастағы ұлдары Гриорий Тарасовтың сүйегін қайта көму ниетімен келіспейтіні туралы мәлімдемесіне қатысты шешім қабылдамауы себеп болған. Бұл мәлімдеме Мәбиевке 1 тамыз күні кешке тапсырылған.

Тарасовтар кеше кешке дейін, өздеріне Белоусовка ауылынан телефон соғып, ұлдарының сүйегін сол күні қайтадан көміп тастағанын хабарлағанға дейін қарсылық танытып жүрді. Ұлдарының сүйегін қайта көмгеніне наразы болған Тарасовтар облыс прокурорымен ақыры кездесті. Олардың пікірінше, сүйекті қайта көмуге облыс прокурорының өзі санкция беруі тиіс, әйтпеген жағдайда полковник Ібікеновтің әрекеті заңсыз болмақ. Олар прокурормен әңгіме ойдағыдай болмай, облыс әкімі Даниал Ахметовпен кездескенін айтады.

Даниал Ахметов Тарасовтарды қабылдап, сосын облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Галатюкке фотографпен бірге Глубокое ауданының Белоусовка ауылына баруды және оқиға орнына барып, көрген-білгенін бүгін таңертең мәслихат жиынында баяндауды тапсырған. Владимир Галатюк Белоусовка ауылына Тарасовтарды да алып барған. Владимир Тарасовтың Азаттыққа айтуынша, олар ұлдарының қабірі басынан жаңа қазылған топырақты байқаған.

Бірер күн бұрын Тарасовтардың үйінде зейнеткерлер мен Талғат Ібікеновтің арасында кикілжің туындаған. Ібікенов оларға 2 тамызда бұған дейін эксгумация жасалған ұлдары Георгий Тарасовтың сүйегін қайта жерлейтіні туралы хабарлама тапсырмақ болған. Тарасовтар төрт жыл бұрын ұлдарының мәйітіне прокурордың санкциясымен ғана эксгумация жасалғанын айтып, хабарламаны алудан бас тартқан. Олар ұлдарының мәйіті прокурордың санкциясымен ғана қайта көмілуі тиіс дейді.

2013 жылы 39 жасында көз жұмған кәсіпкер ұлдары Григорий Тарасовтың өлімін тексеруге наразы азаматтар былтыр 1 шілдеде облыстық және бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне хат жазған. Тарасовтар бұған дейін тергеу тобы бастығын ауыстыртқызған. Соңғы рет олар биыл наурызда Өскеменнің орталық алаңында облыс қарсылық танытып, аштық жариялаған.

Тергеушілер "Григорий Тарасов жазатайым қаза тапқан", дейді, ал оның әке-шешесі "баламызды бизнесін тартып алу үшін бір топ адам өлтірген" деп біледі.

Георгий Тарасовтың өліміне қатысты іс біресе жабылып, біресе зейнетерлердің тегеурінді қарсылығымен қайта ашылып келеді. Зейнеткерлер ұлдарының өлімін қайта тергеуді талап етеді.

Григорий Тарасовтың мәйіті ол қаза тапқаннан соң 2013 жылы 20 наурызда жерленген. 2013 жылы қарашада оның денесін қосымша сот-медициналық сараптама жасау үшін қайта қазып алған. Тарасовтар ұлдарының сүйегі мәйітханада түпкілікті, жан-жақты және объективті тексеру жүргізу үшін сақталуы тиіс дейді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG