Қырғызстанда оппозициялық "Ата Мекен" партиясының жетекшілерін қолдап аштық акциясын өткізіп жатқан белсендіні ауруханаға тексеруге алып кетті. Партия белсендісі Темір Эмиловті жедел жәрдем көлігімен ауруханаға алып кеткенін Азаттықтың Қырғыз редакциясына аштық ұстап жатқан тағы бір белсенді Айбек Сұлтанқұлов хабарлады.
Оның сөзінше, дәрігерлерді партия штабының өкілдері аштық ұстап жатқандардың денсаулығын тексеру үшін шақырған. "Эмиловтің денсаулығы нашарлау, оны ауруханаға тексеру үшін алып кетті" деді Сұлтанқұлов.
"Ата Мекен" партиясының жетекшісі Омурбек Текебаев пен парламенттің бұрынғы депутаты Дуйшенкул Чотоновтың жақтастарының аштық акциясы 31 шілдеде басталған. Аштық ұстап жатқандар "саяси қуғынды тоқтатуды" талап етеді.
ВИДЕО: Текебаевтың жақтастары жариялаған аштық акциясы (01.08.2017)
Текебаев пен Чотонов ақпан айында "коррупциялық қылмыс" ісі бойынша Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік қызметінің абақтысына қамалған. Қылмыстық іс Ресей азаматтарыы Алексей Модин мен Леонид Маевскийдің арызы бойынша қозғалған. Ресейліктер саясаткерлер ендігі қайтыс болып кеткен Талант Маматкеримов арқылы "Мегаком" компаниясының акциясын сатып алуға жәрдемдескені үшін бір миллион доллар сұратқанын мәлімдеген.
Текебаев пен Чотонов өздеріне тағылған айыпты мойындамайды және өздеріне қарсы істі "саяси қудалау" деп атайды.