Accessibility links

Ұлттық банк Delta Bank лицензиясын тағы да тоқтатты


Алматыдағы Қазақстан Ұлттық банкінің кеңсесі (Көрнекі сурет).
Алматыдағы Қазақстан Ұлттық банкінің кеңсесі (Көрнекі сурет).

Қазақстан Ұлттық банкі бүгіннен бастап Delta Bank-тің жаңа депозитке ақша қабылдау және банк есепшоттарын ашу лицензиясын 1 қарашаға дейін тоқтатты. Ұлттық банк лицензияны коммерциялық банк банк заңнамаларын бұзғандықтан және ішкі қадағалау жүйесін жақсарту қажеттігінен тоқтатқанын айтады.

Delta Bank-тің лицензиясы бірінші рет тоқтатылып тұрған жоқ. Ұлттық банк Delta Bank-тің лицензиясын 21 маусымнан 3 тамызға дейін тоқтатқан. 22 мамырда Ұлттық банк Delta Bank-тің 2017 жылдың 15 маусымына дейін жеке және заңды тұлғалардан депозит қабылдап, банкте есепшоттар ашуына тыйым салған. Ұлттық банк ол кезде мұны Delta Bank-тің төлем жасау және қаржы аудару операцияларына қатысты келісім міндеттемелерін сәйкесінше орындамағаны және пруденциялық нормативтерді бұзғаны үшін "қадағалау әрекеті аясында" қабылдағанын айтқан.

Өткен жылы 1 қарашада Ұлттық банк Delta Bank-тің депозит қабылдау және жеке азаматтарға банк есепшотын ашу лицензиясын тоқтатып, желтоқсанның соңында қайта күшіне енгізген еді.

Ұлттық банктің ақпаратына қарағанда, 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін Delta Bank-тің жеке тұлғалардан қабылдаған депозит көлемі 250 миллион теңге, заңды тұлғалардан қабылдаған депозиті 85,6 миллиард теңгені құрайды. Банк жүйесіндегі депозиттердің жалпы көлеміндегі Delta Bank депозиттерінің үлесі 0,5 пайызға тең.

XS
SM
MD
LG