Accessibility links

Алматы облысының Қайназар ауылында ескі мектеп мұғалімдері наразылық танытты


Қайназар ауылындағы ескі мектептің мұғалімдері өздерін жаңа мектепке ауыстыруды талап етіп жиналып отыр. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 4 тамыз 2017 жыл.
Қайназар ауылындағы ескі мектептің мұғалімдері өздерін жаңа мектепке ауыстыруды талап етіп жиналып отыр. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 4 тамыз 2017 жыл.

Алматы облысының Жамбыл ауданы Қайназар ауылында ғимараты ескі орта мектептің мұғалымдері өздерін жаңадан салынған мектепке ауыстыруды талап етіп, наразылық білдірді.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәулімхан Есенбаеваның айтуынша, бір қабатты шағын мектепте 700 бала төрт ауысыммен оқиды, 85 мұғалім бар. Мұғалімдер 1970 жылдары салынған мектеп 80 балаға есептелгенін, мектепте кабинеттердің өте тар екенін, қажетті жағдай жасалмағанын айтты.

- Ауылда осымен екінші жаңа мектеп салынып отыр. Осыдан екі-үш жыл бұрын бірінші мектеп салынғанда бізді сол жаққа көшесіңдер деген еді. Бірақ олай болмай шықты. Биыл екінші мектеп салынып, бізді ұжымымызбен сол жаққа ауысасыңдар деп айтқан еді. Бірақ таяуда ол жаңа мектепке басқа директор тағайындалып, басқа мұғалімдер жұмысқа алынатынын естідік. Яғни, біз тағы да ескі мектепте қалып кетейін деп тұрмыз. Бұл мектепте бала оқытатындай жағдай жоқ. Енді ешкім бұл мектепке баласын оқуға әкеледі деп ойламаймыз. Ондай болса, біз жұмыссыз далада қаламыз, - деді Сәулімхан Есенбаева

Бастауыш сынып мұғалімі Фируза Қазиева ескі мектепте оқушылардың да оқығысы келмейтінін, мұғалімдердің де жұмыс істегісі келмейтінін айтты.

- Халықтың барлығы жаңа мектепке баруға дайындалып жатыр. Әрбір ата-анасы баласын талапқа сай мектепте оқытқысы келеді. Аудандық білім бөлімінің өкілдері халықтың басым бөлігі осы аумақта тұратынын айтып, мектептің бастауыш я тоғыз жылдық ретінде жұмыс істеуі мүмкін екенін айтты. Бала келмесе, бізге сағат шықпайды, жұмыссыз қаламыз. Біздің де талапқа сай емес ескі мектепте жұмыс істегісі келмейді, - деді Қазиева.

Алматы облысының Жамбыл ауылы Қайназар ауылындағы ғимараты ескі орта мектеп. 4 тамыз 2017 жыл.
Алматы облысының Жамбыл ауылы Қайназар ауылындағы ғимараты ескі орта мектеп. 4 тамыз 2017 жыл.

Мұғалімдердің айтуынша, аудандық білім бөлімінен келген өкілдер ескі мектеп мұғалімдері жаңа мектепте жұмыс істегісі келсе, оның басшылығына өтініш білдіруі қажетін айтқан. Бірақ мұғалімдер ұжымымен толық құрамда ауысқылары келеді.

Азаттық тілшілері бұл жағдайға қатысты комментарий алмақ болып Жамбыл аудандық оқу бөліміне барған. Оқу бөлімінің бас маманы Бибігүл Бисенаева бастығының Талдықорғанға жиналысқа кеткенін айтып, өзі комментарий берді. Оның сөзінше, Қайназардағы ескі мектеп мұғалімдері жұмысссыз қалмайды, жаңа мектепке жұмысқа тұруына болады.

- Жаңа мектепке директор тағайындалғаны болмаса, басқа жақтан мұғалімдер жұмысқа қабылданған жоқ. 10 тамыздан кейін үйі жақын, мүмкіндігі бар мұғалімдер жаңа мектепке баруына болады, сол кезде жұмысқа қабылдайды, - дейді Бисенаева.

Бас маман ескі мектептің жұмыс істей беретінін, ондағы оқушылар мен мұғалімдердің жаңа мектепке ауысуы мүмкін екенін, бірақ "ешкім жұмыссыз қалмайтынын" айтты.

Қайназар ауылындағы мұғалімдер наразылы жайлы Азаттықтың тікелей эфирі

XS
SM
MD
LG