Accessibility links

Белсенділер Талғат Аянмен кездескені туралы баяндады


Қазақстандағы құқық қорғаушылардың қауіпсіздігі мен оларды қорғау мәселелері жөніндегі PANA коалициясының өкілдері: Тоғжан Қизатова (солдан оңға қарай), Тұрарбек Құсайынов, Әсел Нұрғазиева. Астана, 4 тамыз 2017 жыл.

Қазақстандағы құқық қорғаушылардың қауіпсіздігі мен оларды қорғау мәселелері жөніндегі PANA коалициясының екі белсендісі Петропавлдағы ЕС-164/3 колониясында Атыраудағы жер мәселелері бойынша митингілерден соң бес жылға сотталған азаматтық белсенді Талғат Аянмен қысқа уақытқа кездесті.

Азаматтық белсенді Әсел Нұрғазиева 2 тамызда өткен кездесуде Талғат Аян өңі сау көрінгенін, өзінің қамаудағы жағдайына көңілі толатынын айтты.

- Өзін ұстауға қатысты ешқандай шағымы жоқ. Ол көп кітап оқып жатыр. Соңғы оқығандары - Довлатовтың кітаптары. Вальтер Скотты оқып жатыр, Джордж Оруэллді оқыған. Оның отрядында 70 адам бар. Ағылшын тілін оқып жатыр, - деді Әсел Нұрғазиева.

Белсенді Тоғжан Қизатованың айтуынша, Талғат Аянның желтоқсанда ертерек бостандыққа шығу үшін айыппұл төлеуге мүмкіндігі туады. Оның сөзінше, PANA коалициясы қылмыстық атқару жүйесі комитетінен Талғат Аянды және онымен бірге сотталған белсенді Макс Боқаевты жазаларын тұрғылықты жерінде өтеуге ауыстыруды талап етеді, себебі Атырау облысында тұратын туыстарына Қазақстанның солтүстігіне жету қиын.

- Әзірге ол адам құқығы бұзылғанын байқамағанын айтады. Ұлттық превентивтік механизм өкілдері ай сайын барып тұрады. Біз одан "Ең қатты қалайтының не?" деп сұрадық. Ол қызын көргісі келетінін айтты, басқасы ойдағыдай екен, - деді Тоғжан Қизатова.

Белсенді Талғат Аян түрмеде он күн жұмыс істеп, 25 мың теңге тапқанын, оны колониядағы дүкенде жарата алатынын айтты.

Белсенділер Макс Боқаевпен кездесе алмағанын, себебі оны денсаулық жағдайына байланысты Павлодардағы АП-162/2 түрмесінің жанындағы "санитарлық қалашыққа" ауыстырғанын айтты.

Азаттық маусымда Макс Боқаевтың Петропавлдағы түрмеде аштық жариялағаны хабарланған соң Боқаевпен және Аянмен кездеспек болған. Солтүстік Қазақстан облыстық (СҚО) қылмыстық атқару жүйесі департаменті кездесу ұйымдастыруға алдын ала келісім беріп, колонияға баратын тілшілердің мәліметтерін сұратқан. Бірақ біраз уақыттан соң департамент Боқаев пен Аянды журналистермен кездестіруді "мақсатсыз" деп білетінін айтып, редакцияға хат жолдаған.

Макс Боқаев пен Талғат Аян 2015 жылғы сәуірде Атырауда жер реформасына қарсы жаппай шерулерден кейін тұтқындалған. Билік қос белсендіге қылмыстық кодекстің "заңсыз митингі ұйымдастыру", "алауыздық қоздыру" және "көпе көрінеу жалған ақпарат тарату" баптары бойынша айып тағып, әрқайсысын бес жылға бас бостандығынан айырған. Өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарған Боқаев пен Аян сот үкімінің саяси астары бар деп мәлімдеген. Қаңтар айында Атырау облыстық сотының апелляциялық инстанциясы үкімді күшінде қалдырған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG