Accessibility links

ЕҚЫҰ Польшада қудалауға түскен журналистің тағдырына алаңдайды


Польша қорғаныс министрі Антоний Мацеревич. Варшава, 30 мамыр 2017 жыл.
Польша қорғаныс министрі Антоний Мацеревич. Варшава, 30 мамыр 2017 жыл.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Польшада қылмыстық іс қозғалып, айып тағылған журналист әрі жазушы Томаш Пьонтектің тағдырына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Польшаның Gazeta Wyborcza басылымының қызметкері Томаш Пьонтектің "Мацеревич және оның құпиялары" атты кітабында елдің қорғаныс министрі Антоний Мацеревичтің ұзақ уақыт ресейлік әскерилермен байланысы болғаны туралы болжам айтылған. Кітап жарыққа шыққаннан кейін Польша қорғаныс министрлігі кітап авторын "мемлекеттік мекеме қызметкеріне қатысты күш қолдану немесе қоқан-лоққы жасау" және "конституциялық мекемені көпшіліктің алдында кемсіту немесе қорлау" айыптары бойынша сотқа берген.

Егер сот жазушыны кінәлі деп тапса, Пьонтек үш жыл мерзімге бас еркіндігінен айырылуы ықтимал.

ЕҚЫҰ-нан өзге сөз бостандығын қорғайтын 10 ұйым (арасында "Шекарасыз тілшілер" мен Freedom House бар) журналисті сот арқылы қудалауды тоқтатуға шақырып Мацеревичке хат жолдаған.

Томаш Пьонтектің өзі тамыздың 4-і күні "министрге ешқашан қоқан-лоққы жасамағаны" туралы мәлімдеген. Оның сөзінше, Мацеревичтің ресейліктермен ықтимал байланысы туралы болжамды растайтын көптеген деректер бар және Польша мен НАТО-ға оның салдары тиюі мүмкін.

Шілденің 11-і күні германиялық Frankfurter Allgemeine Zeitung басылымы Польша қорғаныс министрлігінің ресейліктермен күмәнді байланыстары жайлы "Русофобияның қалтарыс беті" атты мақала жариялаған. Коммунистік режим кезінде диссидент болған Антоний Мацеревич қазір Ресейге қарсы ұстанымымен танымал. Мысалы, ол 2010 жылы Смоленск түбінде Польша президенті Лех Качиньский және 95 адам отырған ұшақтың апатқа ұшырауына "орыстардың бомбасы" себеп болған деп үнемі мәлімдеп келген. Апат себебін тексерген Польша тергеушілерінің жасаған қорытындысында ұшақ апатын "ұшқыш қателігі" себеп болғаны айтылған.

XS
SM
MD
LG