Accessibility links

БҰҰ қауіпсіздік кеңесі Пхеньянға жаңа санкция салу жайлы қарарды талқылайды


Солтүстік Кореяның "Хвасон-14" атты құрлықаралық баллистикалық зымыраны. (Көрнекі сурет.)
Солтүстік Кореяның "Хвасон-14" атты құрлықаралық баллистикалық зымыраны. (Көрнекі сурет.)

БҰҰ қауіпсіздік кеңесі бүгін Солтүстік Кореяға қарсы санкцияларды күшейту туралы қарарды қарауы мүмкін. Ақпарат агенттіктерінің БҰҰ-ның жоғары лауазымды дипломатына сілтеме жасап хабарлауынша, қарарды Ресей де, Қытай да қолдауы ықтимал.

Дипломаттың сөзінше, БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне жұма күні түскен қарар жобасында Солтүстік Кореяның сыртқа шығаратын көмір, темір, қорғасын және теңіз өнімдеріне эмбарго енгізу көзделген. Қарар қабылданған жағдайда Пхеньян экспорттан түсетін кірістің үштен бірінен қағылмақ. Сонымен бірге БҰҰ-ға мүше елдерде Солтүстік Кореядан барған жұмысшылар санын көбейтуге, Солтүстік Кореямен бірлескен кәсіпорындарды кеңейтуге және ондай кәсіпорындарды жаңадан құруға тыйым енгізілмек.

Солтүстік Корея бойынша қарар қабылдануы үшін БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 елдің кемінде 9-ы оған қолдау білдіруі және кеңестің тұрақты бес мүшесінің (АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция) ешбірі оған вето қоймауы шарт.

АҚШ Пхеньянның жақында екі қайтара өткізген құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағына жауап ретінде бұл елге қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы ұсыныс енгізген.

Бұған дейін БҰҰ Солтүстік Кореяға ядролық және зымыран бағдарламасымен айналысуына тыйым салатын қарарлар қабылдаған. Бірақ Пхеньянның әлгі қарарларды орындамай, сынақтарды жалғастыруын әлем едерінің көпшілігі айыптаған.

XS
SM
MD
LG