Accessibility links

Ресейде апат болған шахтадан бір адам құтқарылған


Ресейдің Саха республикасындағы "Алроса" тау-кен комбинаты шахтасында. (Көрнекі сурет.)
Ресейдің Саха республикасындағы "Алроса" тау-кен комбинаты шахтасында. (Көрнекі сурет.)

Ресейдің Саха республикасындағы "Мирный" кенішіндегі жартылай су алған шахтадан бір адам құтқарылды деп хабарлайды Ресей төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап Интерфакс агенттігі.

Бұған дейін ол адам шахтадан байланысқа шыққан. Құтқарушылардың сөзінше, шахтадан шығарылған Әлішер Мирзаевқа алғашқы көмек көрсетілгеннен кейін ол ауруханаға жеткізілген. Саха республикасы денсаулық сақтау министрінің орынбасары Людмила Вербицкаяның хабарлауынша, құтқарылған адам әлсіреп қалған, екі аяғы ауыратындығына шағым айтқан.

Соңғы мәліметтер бойынша, жартылай су басқан шахтада әлі сегіз адам қалып отыр. Оларды іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Жұма күні "Мирный" кеніші шахтасын су басқан кезде онда 151 адам жұмыс істеп жатқан. Апаттан кейін жер бетіне шығарылған 142 адамның екеуі жеңіл жарақаттанғаны хабарланған. Мирныйда төтенше жағдай жарияланған.

Тергеу комитеті мен прокуратура тау-кен жұмыстары кезінде болған апат себебін анықтауға кіріскен. Болжам бойынша, апатқа қауіпсіздік ережелерінің сақталмауы себеп болуы ықтимал. Барлық тексерулер аяқталғанша "Алроса" тау-кен комбинаты директоры жұмыстан шеттетілген.

Бұған дейін, шілденің 29-ы күні осы кеніште тау жынысы құлап, бір адам зардап шеккен. "Алроса" басшылығы бұған дейін бұл кеніш апатты өндіріс нысаны саналмай келгендігі туралы мәлімдеген. Алайда, соңғы сегіз жылда кеніште жер астында болған алты апаттың салдарынан екі адам қаза тауып, алты адам зардап шеккен.

XS
SM
MD
LG