Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Пхеньянға қарсы санкцияны күшейтті


Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран сынағы. (Көрнекі сурет.)
Солтүстік Кореяның баллистикалық зымыран сынағы. (Көрнекі сурет.)

БҰҰ қауіпсіздік кеңесі сенбі күнгі отырысында Солтүстік Кореяға зымыран ұшыру сынақтарын өткізуді жалғастырғаны үшін жаңадан санкциялар салу туралы қарарды бірауыздан қабылдады. Осылайша Пхеньян экспорттан түсетін табыстың үштен бір бөлігі – бір миллиард доллардан айырылады.

Жаңа санкция бойынша Солтүстік Кореяның сыртқа шығаратын көмір, темір, қорғасын және теңіз өнімдеріне эмбарго салынады. Бұған қоса БҰҰ-ға мүше елдерде Солтүстік Кореядан барған жұмысшылар санын көбейтуге, Солтүстік Кореямен бірлескен кәсіпорындарды кеңейтуге және ондай кәсіпорындарды жаңадан құруға тыйым салынады. БҰҰ санкция тізіміне бұрынғыларға қосымша Солтүстік Кореяның тоғыз азаматы мен төрт компаниясы енгізілді.

Сенбі күні БҰҰ-дағы Қытай өкілі Лю Цзеи Пхеньянды Корей түбегіндегі шиеленісті одан сайын ушықтыратын қадамдарға бармауға шақырды. Ресейдің өкілі Василий Небензя Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламадан бас тартуға үндеді.

Бұған дейін АҚШ Пхеньянның жақында екі қайтара өткізген құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағына жауап ретінде осы елге қарсы жаңа санкциялар енгізу туралы ұсыныс енгізген.

Солтүстік Кореяға ядролық және зымыран бағдарламасымен айналысуына тыйым салған БҰҰ-ның бұған дейін қабылдаған қарарларын Пхеньян орындамай, сынақтарды жалғастырған. Оны әлем едерінің көпшілігі айыптаған.

XS
SM
MD
LG