Accessibility links

Израиль "Әл-Жазираның" елдегі қызметін тоқтатпақ


"Әл-Жазира" телеарнасының Иерусалимдегі кеңсесі.
"Әл-Жазира" телеарнасының Иерусалимдегі кеңсесі.

Израиль Катардың "Әл-Жазира" телеарнасын "зорлық-зомбылыққа арандатады" деп айыптап, оның елдегі қызметін тоқтататынын жариялады. Израиль билігі мұндай шешімді бірнеше араб мемлекеті ағылшын тілінде хабар тарататын бұл телеарнаның кеңселерін жапқан соң қабылдап отыр.

Израильдің байланыс министрі Айооб Кара "Әл-Жазира" журналистерінің аккредитациясын қайтарып алып, телеарнаның Иерусалимдегі кеңсесі жабылатынын мәлімдеді. Ол сонымен қатар кабельдік және спутниктік байланыс қызметін көрсететін операторларға "Әл-Жазираның" Дохадағы (Катар) штаб-пәтерінен тарататын бағдарламаларын көрсетуін тоқтатуды сұрағанын айтты.

"Әл-Жазира" "Ислам мемлекеті" ұйымының, ХАМАС, "Хезболла" және Иранның басты құралына айналды" деп мәлімдеді Айоб Кара баспасөз конференциясында. Дегенмен ол телеарнаның Израильден қашан кетірілетінін айтпады.

"Әл-Жазира" басшылығы Израиль билігінің бұл әрекеті "демократияға қайшы келетінін" мәлімдеп, қарымта шараларын жасайтынын мәлімдеді. Телеарна редакциясы Газа секторы мен Иордан өзенінің батыс жағында жалғастыра беретінін хабарлады.

Израиль мен Палестина территориясынан халықаралық БАҚ-тарға хабар тарататын журналистердің Шетелдік баспасөз ассоциациясы Израильдің қадамы "сөзсіз алаңдауға себеп болатынын" мәлімдеді.

14 шілдеде Иерусалимнің шығысындағы Әл-Ақса мешітіне жақын маңда жасалған шабуылдан екі полицей қаза тапқан соң Израиль үкіметі мен "Әл-Жазира" арасындағы шиеленіс күшейе түскен. Мұсылмандар Әл-Ақсаны Мединеден кейінгі екінші қасиетті орын санайды. Ал еврейлер мешіт орналасқан аумақты Храм тауы деп атайды.

Израиль бұл территорияда қауіпсіздік шараларын күшейтіп, оған кіреберісті жауып тастаған соң мешіт аумағына кіруді шектеуге қарсылық шерулері басталып, қақтығыстардан бірнеше палестиналық пен израильдік қаза тапқан.

26 шілдеде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху "Әл-Жазираны" "зорлық-зомбылыққа айдап салды" деп айыптап, оны елден кетіргісі келетінін мәлімдеген. Нетаньяху Facebook-те "Әл-Жазира" Храм тауына қатысты зорлық-зомбылыққа арандатуын тоқтатпай отыр" деп жазды.

Катар үкіметі қаржыландыратын телеарна қызметіне бұған дейін бірнеше араб мемлекетінде шектеу қойылған.

XS
SM
MD
LG