Accessibility links

Мұғалімдер: Білім бөлімі басшысы кешірім сұрасын


Қайназар ауылындағы ескі мектептің мұғалімдері өздерін жаңа мектепке ауыстыруды талап етіп жиналып отыр. Алматы облысы, Жамбыл ауданы, 4 тамыз 2017 жыл.

Алматы облысының Жамбыл ауданы Қайназар ауылында ғимараты ескі орта мектептің мұғалімдері аудандық білім бөлімінің басшысын жергілікті БАҚ-та "Бізді оралман, білімі орта санатта деп атады" деп айыптап, наразылық танытты.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жиналған елу шақты мұғалім аудандық білім бөлімінің басшысы Ләйләш Башированың Nur.kz сайтында жарияланған пікірімен келіспейтіндерін мәлімдеп, өздерінен кешірім сұрауын талап етті. Аталған сайт 7 тамызда Башированың Қайназар ауылында салынған жаңа мектепке өздерін директорымен бірге ауыстыруды талап еткен мұғалімдерді "95 пайызы Қарақалпақстаннан келген, білімдері орта санатта" деген сөзін басқан. Мұғалімдер білім бөлімінің басшысы "намыстарына тигенін" айтып, одан кешірім сұрауды талап етті.

Мұғалімдер өздерінің білімі ел қатарлы білім беріп жатқанын, осы уақытқа дейін бір де бір ата-ана білімдеріне қатысты шағымданбағанын, оқушыларының түрлі жарыстардан орын алып жүргенін алға тартты.

Бұған қатысты Азаттық тілшісіне комментарий берген Баширова аталған сайтқа нақты не айтқаны "есінде жоғын", "егер қате сөйлеген болса кешірім сұраудан қашпайтынын" айтты.

- Ол сөзді Nur.kz-ке телефон арқылы айттым. Нақты не айтқаным толық есімде жоқ. Бірақ қатты сөйлеп, намысқа тиетіндей ешнәрсе айтқан жоқпын деп ойлаймын. Оралман, қалақалпақ деп кемсіткен жоқпын. Ондағы айтқан сөздерді менікі емес, бұрмалады деп айта алмаймын, - деді Баширова.

Ол Қайназар орта мектебі аудандағы 52 мектептің арасында білім беру көрсеткіші бойынша 43-орында тұрғанын айтты. Оның сөзінше, "бұл мектеп мұғалімдері өздерін жоғары деңгейде тұрмыз деп мақтана алмайды".

- Мұғалімдердің өз мәселелеріне қатысты алдымен білім бөліміне жүгінбей, бірден журналистерге хабарласқанын ағаттық болды деп есептеймін. Әйтпесе мен кез-келген мұғалімнің құқығын қорғауға дайынмын, ешқандай мұғалім жұмыссыз қалмайды, - деді Ләйләш Баширова.

Қайназар орта мектебінің мұғалімдері өткен аптада өздерін жаңа салынған мектепке толық құрамда ауыстыруды талап етіп, жиналған болатын. Олар "1970 жылдары салынған бір қабатты ескі мектепке енді бала келмейді, сондықтан жұмыссыз қаламыз" деп қауіптенетінін айтқан.

Бірақ аудандық оқу бөлімінің бас маманы Бибігүл Бисенаева 10 тамыздан кейін үйі жақын, мүмкіндігі бар мұғалімдер жаңа мектепке баруына болатынын, сол кезде жұмысқа қабылдайтынын айтқан.

Бас маман ескі мектептің жұмыс істей беретінін, ондағы оқушылар мен мұғалімдердің жаңа мектепке ауысуы мүмкін екенін, бірақ "ешкім жұмыссыз қалмайтынын" жеткізген.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG