Accessibility links

Балли Мажец Қазақстанда қалуына рұқсат беруге шақырды


Балли Мажец, Wspolnota Kazachska ассоциациясының төрағасы

Польшада тіркелген Wspolnota Кazachska ассоциациясының төрағасы Балли Мажец 9 тамызда Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстан билігін елде белсенділердің елде жұмыс істеуіне жағдай жасауға және олардың өз еліне оралуына кедергі келтірмеуге шақырды.

Тегі қазақ азаматтық белсенді, Польша азаматтығын алған Балли Мажец Қазақстанға келген соң жергілікті атқару органдарына Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алуға құжат рәсімдеуі үшін елде қалуға рұқсат беруді сұраған. Ол Қазақстанға өткен айда жеңілдетілген тәртіп бойынша келген. Қазақстан бұған дейін 30 елдің, оның ішінде Польша азаматтарына 30 күнге дейін визасыз келіп, жүріп-тұруға рұқсат берген.

Белсенді Қазақстанға көмек қажет болғандықтан және бұл жағдайда өзінің тәжірибесі пайдасын тигізетіндіктен өз отанына оралу қажет деп шешкенін айтты. Ол елде тұрақты түрде қалуға рұқсат беру талабына дәйек ретінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың таяуда Астанада өткен дүниежүзі қазақтарының құрылтайындағы сөзін келтірді. Назарбаев құрылтайда шетелде тұратын қазақтарды қолдайтын қор құруды ұсынып, отанына оралғысы келетін қазақтардың құжатын даярлау "қағазбастылық пен әуре-сарсаңға салынбауы тиіс" деген.

Мажецтің сөзіне қарағанда, атқарушы билік өзіне тұрақты тұруға ықтиярхат беруден бас тартып, "елде соңғы сөзді айтатын" президент Назарбаевтың тапсырмасын орындамай отыр.

Қазақстандық адам құқығы бюросының баспасөз орталығында сөйлеген Балли Мажец билікті "мүмкіндікті жібермеуге" және елге "әділ әрі өркениетті оппозицияның" келуіне жол ашуға шақырды. Оның пікірінше, билікке "ешкім асырамаған" және "биліктің қателерін нақты дәлелдермен көрсете алатын" оппозицияның сыны керек. Ол мұндай оппозиция нақты қалай жұмыс істейтінін айтпағанымен, билікті этникалық қазақтар мен шетелдегі Қазақстан азаматтарының елге оралуына жағдай жасауға шақырды.

Өзін "Қазақстан оппозициясының шетелдегі бюросының" жетекшісімін деп атайтын Балли Мажец 2015 жылы Польшадағы президент сайлауына түсуге кандидат болған. Ол қазақстандық бірқатар саяси тұтқындарды қолдап, акция өткізіп белгілі болған. Белсенді соңғы жылдары әлеуметтік желілерде жекелеген қазақстандық саяси эмигранттарды сынаған.

AzattyqTV

"АрселорМиттал Теміртау"

Шахтадағы шерулер тарихы

XS
SM
MD
LG