Accessibility links

Жампозов ісіндегі екі айыпталушы "мемлекет қаржысын қайтармақ"


Целиноград аудандық сотында өтініш айтып тұрған адвокат Елена Овчарова. Ақмола облысы, 9 тамыз 2017 жыл.
Целиноград аудандық сотында өтініш айтып тұрған адвокат Елена Овчарова. Ақмола облысы, 9 тамыз 2017 жыл.

Ақмола облысының Целиноград аудандық сотында Преображенское су торабын жөндеу жұмыстарына бөлінген 640 миллион теңгені жымқыру айыбы бойынша үстінен іс қозғалған алты күдіктінің бірінің адвокаты қорғауындағы Болат Бисебеков "20 миллион теңгені түгел қайтарғанын" мәлімдеді.

- Туыстары барлық соманы жинап берді. Қазіргі кезде зиян (мемлекетке деген – ред.) түгел өтелді. Қорғауымдағы азамат кінәсін толық мойындады. Өкінді. Сот үкімін шығарарда осының бәрін ескеруді сұраймын, - деді адвокат Елена Овчарова 9 тамызда.

Сот төрағасы Төлеген Тұрғынбаев келесі сот отырысына "мемлекетке келтірілген зиянның өтелгендігі жөнінде сәйкес мекемелерден анықтама құжатты" алып келуді сұрады. Сот отырысынан кейін Болат Бисебеков те, адвокаты Елена Овчарова Азаттық тілшісімен сөйлесуден бас тартты.

Абақтыда отырып, сотқа кісенмен әкелініп жүрген "ЛигаФинанс" құрылыс компаниясының құрылтайшысы Асқар Төлеуовтың адвокаты Таңат Жүнісов мемлекеттік айыптаушымен сот-процесуалдық келісім жасайтындары жөнінде өтініш білдірді.

Преображенское су торабын жөндеу жұмыстарына мемлекеттік тапсырыста қосалқы мердігер компанияның құрылтайшысы болған Асқар Төлеуовке Қылмыстық кодекстің 177-бабы, 4-бөлімі, б-тармағы бойынша "78 миллион теңге жымқырды" деген айып тағылған.

- Біз кінәмызды толық мойындап тұрмыз. 77 миллион теңгені алты жылда қайтарып, бізге шартты жаза берсе деген шартымызды айттық. Егер прокурор арызымызды қабылдаса, ертең сот төрағасының мақұлдауын сұрайды. Заңға сәйкес келсе, сот мақұлдайды, - дейді адвокат Таңат Жүнісов.

Таңат Жүнісов қорғауындағы Асқар Төлеуовтің "талан-таржыға түскен қаражаттың" бір миллион теңгесін қайтарғаны туралы айтты.

Сотқа қатысып отырған шағымданушы тарап - Ауыл шаруашылығы министрлігі ішкі аудит және бақылау департаментінің бас сарапшысы Фазыл Көкжалов пен министрліктің азаматтық шағымданушысы Ербол Сәдуақас мұндай өтінішке қарсы емес екендерін білдірді.

Прокурор Айымгүл Жаманбалина өтінішке қарсылығы жоқ екенін айтып, шарттарды талқылап, келісімді рәсімдеуге уақыт сұрады.

Бұл қылмыстық істегі негізгі айыпталушылардың бірі Өмірбек Жампозов 20 шілдеде прокуратура мен полиция қызметкерін жаралап, өзін-өзі атып өлтірген еді. Өзіне қол жұмсамас бұрын Жампозов тергеушілер мен сот судьяларына наразылық білдіріп, әлеуметтік желілерде видео үндеу таратқан. Жампозовтың өлімінен соң Қазақстанның бас прокуратурасы "өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы бойынша іс қозғап, тексеру бастаған. 8 тамыз күні ішкі істер министрлігі Өмірбек Жампозовтың ұлы Асылжан Жампозовтың үстінен Қылмыстық кодекстің 380-бабы, 1-бөлігі ("Билік өкіліне қатысты күш қолдану") бойынша іс қозғағанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG