Accessibility links

БАҚ: Сурков АҚШ-тың Украина бойынша өкілімен кездеседі


АҚШ Мемлекеттік департаментінің Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер Авдеевка қаласында жүр. Донецк, Украина, 23 шілде 2017 жыл.
АҚШ Мемлекеттік департаментінің Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер Авдеевка қаласында жүр. Донецк, Украина, 23 шілде 2017 жыл.

"АҚШ Мемлекеттік департаментінің Украина бойынша арнайы өкілі Курт Уолкер тамыздың екінші жартысында Ресей президентінің көмекшісі Владислав Сурковпен кездеседі" деп хабарлады дипломатиялық дереккөздеріне сілтеме жасаған "Известий" газеті.

Ресей президенті әкімшілігіне жақын адам басылымға Мәскеуде өтетін кездесуде Украина шығысындағы қақтығысты реттеу жөніндегі Минск келісімі талқыланатынын айтқан.

Бұған дейін Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Манилада АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен кездескен соң Уолкер мен Сурков тамызда кездесуі тиіс екенін айтқан болатын. Тиллерсон да жақын уақытта мұндай кездесу өткізу жоспарланып отырғанын растаған.

Курт Уолкер АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілі болып шілденің басында тағайындалған. 23 шілдеде ол Донецк облысының Украина билігінің бақылауындағы бөлігіне, оның ішінде Авдеевкаға барған. Америкалық дипломат Донецк облысына барғаннан кейін баспасөз жиынында Донбастағы қақтығыс тоқтамағанын, соғыс жүріп, адам шығыны болып жатқанын мәлімдеген. Ол осыған байланысты АҚШ Донбастағы жағдайды бейбіт реттеу процесіне бел шеше кірісуі тиіс деп ойлайтынын айтқан. Ол сонымен қатар қақтығыс аймағында Ресей әскерінің орналасқан "күмән тудырмайтын факт" деп атаған.

Кремль Украина шығысындағы қақтығысқа килігіп отырғанын жоққа шығарады.

XS
SM
MD
LG