Accessibility links

Пхеньян: АҚШ базасына соққы жоспары таяуда дайын болады


Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (сол жақта) әскерилермен бірге "Хвасон-14" құрлықаралық баллистикалық зымыранын қарап жүр. 5 шілде 2017 жыл.
Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын (сол жақта) әскерилермен бірге "Хвасон-14" құрлықаралық баллистикалық зымыранын қарап жүр. 5 шілде 2017 жыл.

Солтүстік Корея армиясының қолбасшылығы Тынық мұхитындағы АҚШ әскери базалары орналасқан Гуам аралы аумағына алдын алу соққысын беру жоспарын тамыздың ортасына қарай аяқтайтынын мәлімдеді.

Пхеньян орта қашықтықта ұшатын "Хвасон-12" зымырандарын ұшыруға дайындалып жатқанын айтады. Жоспар бойынша, зымырандар Жапонияның үстімен ұшып өтіп, Гуамнан ондаған километр қашықтықта теңізге түсуі тиіс. Солтүстік Корея басшылығы зымыран бағдарламасы аймақтағы америкалық күштерді тежеп тұруды ғана көздейтінін айтады.

Кеше АҚШ қорғаныс министрі Джеймс Мэттис Солтүстік Кореяны ядролық қару жасаудан бас тартуға және өзін-өзі оқшауламауға шақырған. Мұның алдында АҚШ президенті Дональд Трамп Солтүстік Кореяның қоқан-лоқысына "әлем бұрын-соңды көрмеген отпен және қаһармен" жауап қайтаруға уәде берген. Трамп бұл туралы Пхеньян ядролық оқтұмсық жасап шығарғаны туралы мәлімдемеге білдірген реакциясында айтқан.

Өткен аптада БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағаны үшін Солтүстік Кореяға қарсы санкцияны қатаңдататын қарарды бірауыздан мақұлдаған. Солтүстік Корея қарарды қабылдамай тастап, оны өзінің егемендігіне қол сұғады деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG