Иран билігі бір топ жасты Латын Америкасының зумба биі мен басқа да "батыстық" билерді насихаттамақ болды деп тұтқындады. Ирандық БАҚ-тардың хабарлауынша, Ислам революциясын қорғау корпусы (ИРҚК) елдің солтүстік-шығысындағы Семнан провинциясының Шархуд қаласында төрт жасөспірім мен екі қызды тұтқындаған.
ИРҚК-нің жергілікті бөлімшесінің басшысы Хамид Дамгани ұсталған алты адам "батыстық билерді үйретіп, ол туралы видео түсіретін желінің мүшелері" екенін айтады. Тұтқындалғандардың әлеуметтік желілерде зумба биі туралы видеоролик жариялап, жазбаларында мұсылманша басқа тартатын орамалын жария түрде шешкен қыздарды құптағаны хабарланды.
Консервативтік Иранда мұндай себептермен тексеру жүргізіп, тұтқындау кең таралған. 9 тамызда мемлекеттік БАҚ Исфахан қаласының маңындағы бассейнде болған сауық кешінде "жартылай жалаңаш" жүрген 64 жасөспірім бала мен қыздың тұтқындалғанын хабарлаған. Биліктің мәлімдеуінше, олар "би билеп, ішімдік ішкен".