Accessibility links

Сот Әбжанның тергеу барысына шағымын қанағаттандырды


"Шаңырақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Махамбет Әбжан. Астана, 8 мамыр 2014 жыл.
"Шаңырақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Махамбет Әбжан. Астана, 8 мамыр 2014 жыл.

Астананың Сарыарқа аудандық соты 11 тамызда азаматтық белсенді, 22 маусымнан бері "алаяқтық" айыбымен тергеу изоляторында қамауда отырған Махамбет Әбжанның тергеу барысына қатысты түсірген шағымын қанағаттандырды.

Тергеуші судья сонымен қатар Әбжанның бұрынғы әйелі Жансая Кенжебаеваны оның қоғамдық қорғаушысы деп тану туралы өтінішін де қабылдады. Белсендінің анасы Салия Әбжанова да оның қоғамдық қорғаушысы саналады.

Азаттық тілшісін соттн шығарып жіберді. Судьяның "Журналистердің сотқа қатысуына қандай нешізде тыйым салып отырсыз" деген сұрағына жауап берген прокурор мұндай соттың жабық өтуі тиіс екенін білетінін, бірақ ол туралы бапты есіне түсіре алмай тұрғанын айтты. Кейін судья қылмыстық-процессуалдық кодекстің 106-бабына ("Прокурор, қылмыстық тергеу органының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымды сотта қарау тәртібі") сілтеме жасады.

Махамбет Әбжан шағымданған тергеу ұйғарымынша, белсенді "алдын ала сөз байласқан топ құрамында әрекет етіп, алдау немесе сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкін ұрлауға бағытталған қылмыс жасауға ниеттенген".

Полиция Махамбет Әбжан мен тағы бір азамат Шымкент қаласының тұрғынын "егер бір миллион теңге салсаң, "Ата-Кент" тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер сатып аласың деп адастырған". Тергеушілер соның нәтижесінде зардап шегушіге 972 мың теңгеден аса соманың материалдық зияны келгенін айтады. Белсенді өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады.

Жансая Кенжебаева Азаттыққа тергеудің әрекетсіздік танытып, істі созып отырғанын, Ал Махамбет Әбжанның абақтыда отырғанына екі ай болғанын айтты.

- Кінәлілер бостандықта жүр, оларды тергемейді, бетпе-бет кездестірмейді. Бізді іспен таныстырмайды, "Тергеу аяқталған соң" дейді. Ал тергеу Әбжанды қашып кетеді деп, қамап қойғанына екі ай болды. Ол тергеуге дейін іссапарда жүрді, Шымкентке барды. Мұны дәлелдейтін құжаттары болғанына қарамастан оны қамап қойды, - дейді Жансая Кенжебаева.

2016 жылы Астана тұрғыны Ольга Цветкова жалға алып тұрып жатқан пәтерінде өзінің үстіне бензин құйып, егер "Ата-Кент" тұрғын үй кооперативіне салған тоғыз миллион теңгеге жуық үлес ақшасын қайтармаса, өзін өртейтінін мәлімдеген болатын. Ол Көктал шағын ауданында салынады деп жоспарланған үйден уәделі пәтерді екі жыл күтіп, төзімі таусылғанын айтқан. Көпшілік назарын өзіне аударған тұрғынның жағдайына Астана әкімдігі араласқаннан кейін құрылыс жүргізуші үлескерге ақшасын қайтарған. Ол оқиғаға Махамбет Әбжан құқық қорғаушы ретінде қатысқан еді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG