Accessibility links

СҚО: "Қазавтожол" филиалының экс-басшысы сотталды


Петропавл қалалық сотының судьясы Айдархан Жанақов Асқар Жанкинге үкім оқып тұр. Петропавл, 11 тамыз 2017 жыл.
Петропавл қалалық сотының судьясы Айдархан Жанақов Асқар Жанкинге үкім оқып тұр. Петропавл, 11 тамыз 2017 жыл.

Петропавл қалалық сотында "Казавтожол" ұлттық компаниясының Солтүстік Қазақстан облысы филиалының экс-директоры Асқар Жанкинге қатысты сот шешімі шықты. Судья Айдархан Жанақовқа бұл айыппұл түріндегі жаза жеткілікті екенін айтып, үкімін оқыды.

Асқар Жанкин 23 ақпан күні ұсталған. Тергеу материалдарына сәйкес, оған 15 миллион теңге көлеміндегі атқарылмаған жұмыстарды жасырғаны үшін 2 миллион теңге пара алды деген кінә тағылған.

Судья Жанкин Асқарды Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлімі ("Пара алу") бойынша айыпты деп танып, пара мөлшерінен 60 есе жоғары мөлшердегі айыппұл (119 миллион теңге) салу, сотталушының заңсыз жолмен табылған мүлкін тәркілеу, мемлекеттік органдарда қызмет атқаруына өмір бойына тыйым салу түрінде жаза кесті. Сот оның ақпаннан бері қамауда отырған күнін ескеріп, 1 миллион теңгені қысқартты.

Сот шешіміне сәйкес Асқар Жанкин алған 2 миллион теңге пара мемлекет есебіне өтеді.

Бұған дейінгі сотта прокурор "Жанкиннің кінәсі толық дәлелденді" деп және бұрындары сотталмағанын ескеріп, оны 4 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сотта Асқар Жанкин кінәсін толық мойындады.

Тергеу материлдарына сәйкес, Асқар Жанкин делдал Александр Луценконың көмегімен К-DorStroy фирмасы бастығының орынбасары Серік Рамазановтан пара алған. Айыпталушы сот отырысында арада делдал болған Луценконың оған қомақты соманы беріп жатқанда, оның "пара екенін білгені, я білмейтіні есінде емесін" айтты. Сот барысында сотталушының қорғаушысы Дәулет Өміралин істі қысқа мерзімде аяқтауды сұрады.

"Қылмыстық кодекстің 52-бабы 2-бөліміне сәйкес қатаң жазаны сот жеңіл жаза жеткіліксіз деп тапқан жағдайда қолданылады. Сотқа жазаны тағайындар кезде екі жаққа да тиімді болатын пара мөлшерінен 60 есе көлеміндегі айыппұл төлеткізуді қолдануды сұраймыз. Бұл арқылы зардап шегуші тарап болып саналатын мемлекетке моральдық шығынын өтеуге болады. Жанкинге пара көлемінен алпыс есе жоғары мөлшерде айыппұл төлеу түрінде жаза қолдануды сұраймын" деген адвокат Дәулет Өміралин.

Сот барысында адвокат судьяға айыппұл төлеу туралы үкім шыққан жағдайда, қаражат Асқар Жанкиннің туыстарының атынан салық органының шотына түсетіні туралы құжаттар ұсынған.

XS
SM
MD
LG