Accessibility links

Ресейде "Курск" сүңгуір қайығы апатының құрбандарын еске алды


"Курск" экипажы қайық үстінде сап түзеп тұр. 30 шілде 2000 жыл.
"Курск" экипажы қайық үстінде сап түзеп тұр. 30 шілде 2000 жыл.

Бүгін Ресейде осыдан он жеті жыл бұрын Баренц теңізінде жаттығу кезінде "Курск" атом сүңгуір қайығымен бірге суға батып, опат болғандарды еске алып жатыр. 2000 жылы тамыздың 12-і күні суға батқан қайықта экипаж мүшелері, Солтүстік флоты мен Дағыстанның "Дагдизель" зауытының өкілдері – барлығы 118 адам болған. Олардың барлығы қаза тапқан.

Апаттың себеп-салдарына жүргізілген тексерудің толық қорытындысы әлі күнге дейін құпия ақпарат саналады. Ресми мәлімет бойынша, әскери қайықтағы торпедолардың бірі жарылып, соның салдарынан өзге оқ-дәрілер жарылған. Баспасөз құралдарының хабарлауынша, жарылыстан кейін теңіз түбіне батқан қайықтың бір бөлігінде тірі қалған жиырмадан астам теңізші бірнеше сағат бойы көмек келеді деп күткен.

Құтқару жұмыстары тамыздың 13-інен 24-і аралығында жүргізілген, бірақ қайықта қалғандардың ешбірін құтқару мүмкін болмады. Тамыздың 20-ы күні норвегиялық Seaway Eagle кемесіне апат болған теңіз аймағына баруға рұқсат еткен, құтқарушылар бір тәуліктің ішінде сүңгуір қайықтың апатты жағдайға тап болған кезде ондағылардың сыртқа шығуына арналған арнайы люгін ашқан. 16 күннің ішінде қайық ішінен табылған 12 адамның сүйегін сыртқа алып шыққан. Ал сүңгуір қайық су бетіне толық шығарылғаннан кейін тағы 103 адамның сүйектері табылған. Үш теңізшіні сол күйі таба алмаған, прокуратура ол үшеуі жарылыс болған сәтте сол жерде болған деп мәлімдеген.

"Курск" атом сүңгуір қайығындағы апатқа қатысты 2000 жылғы тамызда басталған қылмыстық іс 2002 жылы тамызда доғарылған.

Азаттықтың Орыс қызметінің "Курск" сүңгуір қайығындағы апаттың 15-жылдығына арналған фильмін мына жерден көруге болады.

XS
SM
MD
LG